Сотталғандарға туыстарымен кездесуге рұқсат етілді

10 маусым, 11:46

Фото: ғаламтордан

Алматы қаласының «қызыл аймақта» болуына байланысты соңғы жарты жылда істі болғандар жақындарымен жүздесуден қалған еді.

Алматы, NEGE. Жуырда Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы шығып, жазасын өтеушілер ұзақ мерзімді кездесуге мүмкіндік алды. ЛА 155/18 мекемесінде 52 азамат жазасын өтеуде. Олардың арасындағы сантехник, электрик, дәнекерлеуші, аспаздың көмекшілері түзеу мекемесінің шаруашылық жұмыстарына тартылған. Мұндағылар заң бойынша жылына үш рет туыстарымен кездесе алады. Алайда, індеттің қарқын алуына байланысты соңғы алты айда оған тыйым салынған болатын. Енді міне, кездесу қайта жанданды.  

Жазасын өтеушілер коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін де алған. Талаптарға сәйкес, кездесуге келген туыстарында мерзімі 5 күннен кем емес теріс ПТР анықтамасы болуы тиіс. Ал вакцина алған жақындары тест анықтамасынсыз кездесуге келе алады.

 Кездесу үшін мекемеде 6 орын жасақталған. Оларға екі тәулік бірге болуға рұқсат етіледі. Туыстарының шешімімен бір тәулікке де қалуға болады. Жалпы Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес кездесу екі тәуліктен аспауы тиіс. Кездесуге рұқсатты мекеме басшысы береді. ЛА 155/18 мекемесінде орташа және жеңіл қылмысқа барған азаматтар жазасын өтеуде. Олар мекеменің айналасын абаттандырып, тазалық жұмыстарына да үлес қосады.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации