8 Желтоқсан 19:58

Солтүстік Қазақстанға 6,5 мың адам көшіп барған

Фото:

2016 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына еңбек күші артық өңірлерден 6,5 мың адам көшіп барған және оның 8 пайызы кері оралған. Бұл туралы СҚО әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді.

Алматы, NEGE. «Солтүстік өңірге қоныс аудару «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Яғни, еңбек күші артық өңірлерде тұратын әрбір азамат көшу мүмкіндігіне ие. Ол үшін отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК көлемінде өтемақы төленеді, бұл шамамен 97 мың теңге. Отбасында 5 адам болса, көшкені үшін 500 мың теңге өтемақы алады деген сөз. Баспана жалдау үшін отбасы ауылдық жерді таңдаса – 10-20 АЕК, қаланы таңдаса – 20-30 АЕК аралығында тағы төленеді. Яғни, мемлекет ақшаны бөледі, адам қайда тұратынын өзі таңдайды», – деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

2019 жылдан бастап, қоныс аударушыларға үй салып беру бойынша облыстық бағдарлама іске қосылған.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұрақты еңбек күшімен қамтамасыз ету үшін тиісті еңбекақы мен әлеуметтік жағдай жасау қажет. Ол үшін тауар өндірушілер мен мемлекет қажетті мамандарға арнап үй салады. Дәл қазір бізге тракторшылар, механизаторлар, мұғалімдер, дәрігерлер, мал дәрігерлері қажет. Бұл үйде отбасы 5 жыл тұрғаннан кейін мемлекеттің құрылысқа жұмсаған қаражатын өтесе жеткілікті. Барлық үйлер техникалық тексеруден өтеді, кепілдік берілген 2-3 жыл бойы ақауларын тегін жөндейді. Өткен жылы 425 үйді пайдалануға бердік, биыл 700 үй салынады», – деп түсіндірді Қ. Ақсақалов.

Әкімнің айтуынша, өткен жылы СҚО-ға еңбек күші көп өңірлерден 2200 адам, биыл – 1800 адам көшіп келген.

«Әрине олардың арасында денсаулық жағдайымен, отбасылық себептермен туған жеріне кері оралғандар бар. Онсыз болмайды. Бірақ кері оралғандар саны айтарлықтай көп емес. Сондықтан, бұл бағдарлама бізге қажет және әрі қарай да жүзеге асырыла береді», – деді Құмар Ақсақалов.

Тегтер: