17 Маусым 19:48

«Симптомсыз науқас» деген кім?

Фото:

Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева COVID-2019-ға шалдыққан науқастарды зерттеу нәтижесін баяндады.

Алматы, NEGE. «13 наурыздан бері ауруханаға түскен науқастардың 39 пайызында симптом болмаған. Ал 36,7 пайызында COVID-2019 жеңіл формада өткен. Осы екі көрсеткішті қоссақ, 70 пайыздан асып кетеді. Яғни, еш белгісі жоқ, жеңіл түрдегі аурулар 70-75% аралығында болып отыр. Соның ішінде орташа дәрежеде – 20%, ауыр дәрежеде – 2%», – деді Д. Баешева.

Оның айтуынша, симптомсыз науқастар ішінде де уақыт өте келе ауру белгілері пайда болады.

«Біздің есебіміз бойынша, уақыт өте келе симптомсыз келген науқастардың 15 пайызы коронавирустың жеңіл түріне ауысады, кейбірі орташа түріне, ал 3 адам немесе 0,5 пайызы ауыр дәрежеге ауысқан. Симптомсыз науқасты 14 күн бақылағанның өзінде де еш көрініс болмауы керек. Сол адамды біз «Симптомсыз науқас» деп атаймыз. Көбінесе 20-59 жас аралығындағы тұрғындардың ауруы симптомсыз және жеңіл түрде өтеді», – деді маман.

Әдетте симптомсыз науқастардың бойынан 2,3,4-күндері ауру белгілері пайда болады. Сондықтан, сипмтомсыз науқастар үйге жіберілсе де, олардың денсаулығына мониторинг жүргізіледі.

«Мәселен, екінші күннен бастап, науқастардың 10 пайызында дене қызуы пайда болған. Сонымен бірге, жөтел, тамақ ауруы, мұрынның бітелуі немесе иіс сезбеуі байқалған. Жеңіл түрде өтетін болса, ол адамдарды да үйде емдейміз. Ол кісілерге еш ем керек емес. Өйткені еш клиникалық көрініс жоқ. Бірақ, ол кісілер эпидемиологиялық тұрғыда қауіпті. Симптомдары бар адамдар дене қызуы, жөтел, бас ауруы секілді клиникалық көріністері болады. Әсіресе жөтелген, түшкірген адамдар аса қауіпті. Олар өз сілекейімен бірге вирусты ауаға, қасындағы адамға шашыратуы мүмкін. Вирустың сыртында майлы қабыршағы болады, сондықтан бұл вирус адамға жабысқақ болып келеді. Қолды сабынмен жуу және спиртпен сүртіңіз деп жиі айтамыз. Себебі, спирт пен сабын майды ерітіп жібереді», – деді Динагүл Баешева.

Тегтер: