Шонжыдағы жаңа құрылыстың құлауына «сварщик» кінәлі болуы мүмкін news video

22 қыркүйек, 19:37

Nege.kz порталы кеше Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылында құрылысы былтыр басталған Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құлап қалғаны туралы алғаш болып ақпарат берген.

Биыл жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс нысанға 1 млрд 171 млн теңге бөлінгені де белгілі болды. Алайда, бітуге таяп қалған ғимараттың не себепті ошарыла құлағаны әлі нақты айтылмады. Неге? Тілшіміз Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нұрахуновқа хабарласып, мән-жайды анықтамақ болған. Алайда әкімнің өзі нысанның неден құлағанын білмейтін болып шықты.

Аудан әкімі біздің қолымызда үйінді боп қирап жатқан ғимараттың суреті барын білгеннен кейін ғана: «Түсте бір темірі түсіп кетіпті. Оның өзінде толық түспеген, 40х25 болатын бір залының шатыры ғана құлап қалған. Ертең сағат 10-да жиналыс өтеді, мамандар келеді, экспертиза жасайды. Сосын сізге хабарласып, бәрін айтамыз», – деп жауап берді. 

Дәл осы сарындас пікірді Алматы облысы Құрылыс басқармасының басшысы Дәурен Жолжанов та айтқан. Ол бар болғаны тендерді ұтып алған «Лидер НК» компаниясы және оның басшысы Марат Қуанышбаев екенін ғана тілге тиек етті. Ал нысанның не себепті құлағаны туралы мәліметті бүгінгі өтетін жиналыстан кейін ғана айтып беруге уәде еткен.

Алайда, Ұйғыр ауданы әкімі бүгін жауап бермеді. Берер жауабы да жоқ болса керек, сірә. Ал Құрылыс басқармасының басшысы Дәурен Жолжанов: «Мен сағат 10-дағы жиналысқа қатыспадым. Тағы 16:00-де болады, соған барамын», – деді. Тілшіміз тағы хабарласқанда шенеуніктің жүйкесі жұқарып отырса керек, былай деді:

«Сіз неге қайта-қайта хабарласып жатырсыз? Не білгіңіз келеді? Қазір себебін біле алмаймыз. Оған сараптама жасалуы керек. Біздің болжамымызша, екі-ақ себеп бар. Біріншісі – жобалаушының қателігі, екіншісі – құрылыс процесінің бұзылуы. Бітті, осы екеуі ғана».

Жолжановты не түлен түрткенін түсінбедік. Әлде құлаған құрылыстың құпиясы бар ма? Құрылыс басқармасы мен аудан әкімдігінде тілшінің сұрағына түсінікті жауап беретін бір шендінің табылмағанына таңданып отырғанымызда Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Усманбаевтың видеожауабы жетті. Оның айтуынша, нысанның құлауына адами фактор әсер етуі немесе сварщик жұмысты дұрыс істемеген болуы мүмкін екен...

Миллиардтан астам қаржы бөлінген нысанның неге құлағанын тексеретін арнайы комиссия құрылыпты. Комиссияның төрағасы Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашев екен.

Қалай болғанда да бұл жағдай «қай жерде қисық шеге жатқанын біледі» дейтін мақтаулы құрылысшы – Алматы облысының әкімі Амандық Баталов үшін абырой болмасы анық.