3 Ақпан 16:48

Шмуйлович саусағын не үшін шапқаны белгілі болды

Фото:

Өткен жұмада Nege.kz порталы өзін «Қазақстан азаматымын» деп таныстырған Михаил Шмуйловичтің өз саусағын өзі балтамен шауып тастаған видеосын жариялаған. Тілшіміз оның не себепті ондай жан түршіктірерлік әрекетке барғанын анықтады.

Видеода Шмуйлович мәселенің басын ашып айтпайды. Тек Бостандық аудандық сотының және қалалық соттың судяларынана қысастық көрдім дейді де, саусағын шабады. Оқиғаның мән-жайы төмендегідей екен.

2015 жылы 16 қазанда Бостандық аудандық сотына Михаил Виленинович Шмуйловичтен 66 237 600 теңге (240 мың доллар) өндіріп алу жөнінде Галина Суховадан арыз келіп түскен. Сол жылы 8 желтоқсанда Сухованың арызы қанағаттандырылып, Шмуйловичтен 66 237 600 теңге және 662 337 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру жөнінде сот шешімі шыққан.

Шмуйлович «жаңадан ашылған мән-жайларды» негіз етіп, Бостандық аудандық сотына қарсы талап арыз түсірген. 2018 жылы 13 қыркүйекте судья Жоламанова алғашқы сот шешімін бұзғанымен, 2019 жылы наурызда судья Нұрмаханбетов талап арызды қанағаттандырмай тастайды.

2019 жылы 1 тамызда Бостандық аудандық сотына Суховадан тағы арыз түскен. Арыздың негізі сол бұрынғы – Шмуйловичтен 240 мың доллар өндіріп алу. Сол кездегі курс бойынша бұл – 92 208 000 теңге.  

26 тамыздағы сот процесінде азаматтық істің 36-томында қолхаттың түпнұсқасы жоқ екені, ал іс бар-жоғы 7 томнан тұратыны анықталған. Осы жөнінде Бостандық аудандық сотының төрағасы А.Баяновтың атына ұйғарым жасалып, одан әрі істі Алматы қалалық сотына алғызып, қызметтік тексеру жүрген. Бұған байланысты Алматы қалалық сотының соты төрағасының атына түсініктеме жазылған.

Қысқасы, 2019 жылдың 3 желтоқсанында Галина Сухованың арызы қанағаттандырылып, Михаил Шмуйловичтен 92 724 000 теңге және 922 080 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру, өкілдің  көмегі ретінде 150 000 теңге өндіру туралы шешім шыққан.

Биылғы жылы 10 қаңтарда жауапкер апелляциялық шағым түсірген. 31 қаңтар күні іс қарауға Алматы қалалық сотына жіберілген. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Міне, сұқ саусақты «құрбан» еткен азаматтық істің қысқаша тарихы міне, осындай.

Шмуйловичтің Суховаға қарыз екені басқа да іс қағаздарында көрсетіліпті. «Қарызын қайтармай жүрген» Шмуйловичтің 275,6 шаршы метр болатын үйін, бірнеше гектар жерін қарыздың өтеуі ретінде алу үшін Сухова да шындап кіріссе керек, Шмуйлович шыдамапты. Жылжымайтын мүліктері мен шетелдегі есепшоты талқыға түскендіктен бе, әйтеуір ол шетін әрекетке барып, саусағын шауып тастады. Әйтсе де, бұл істің ақ-қарасын айыру, нүктесін қою соттың құзырындағы шаруа екенін ескертеміз.          

Тегтер: