Шымкентте аюлар сатылып жатыр

02 маусым, 15:47
Шымкентте аюлар сатылып жатыр
Фото: rk.karelia.ru

Шырайлы қаланың тұрғыны аюларды асырай алмағандықтан сатылымға шығарған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шымкент, NEGE. Шаһардағы әлеуметтік желіге жарияланған жарнама жұртты таң қалдырды. Белгілі болғандай, шымкенттік тұрғын жануарларды 5 жыл бұрын Ресейден әкелген. Екеуі де цирк өнерін меңгерген, қолға үйретілген. Қожайыны аңның әрқайсысын 2 мың долларға бағалаған. Сондай-ақ, малға айырбастауға да келісіпті. Бұл жарнама табиғатты қорғау полициясы мен инспекторлардың назарына іліккен. Тексере келе, аюларды сатып алу кезінде жасалған келісім-шарттан өзге құжат болмай шыққан. Сол себепті, қазір сатуға тыйым салынды. Аюлар уақытша қаладағы циркте болады. Ал иесіне айыппұл салынды.

Бақыт Мұсалиев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

Құжаттарын рәсімдеуге дейін, мүмкіндігі болса, Шымкент зоологиялық саябағына уақытша қарап беруге өткізу керек. Алайда тағы бір кемшілік бар. Жабайы аю болғанымен, бұлар циркте өнер көрсетіп жүрген.