21 Мамыр 10:09

Шетелде оқитын студенттер қайта алмай отыр

Фото:

Шетелден елге оралған студенттер оқуларына қайта алмай отыр, деп хабарлайды Астана телеарнасы. Ұлттық қауіпсіздік комитеті карантин кезінде кімдер Қазақстаннан шетелге шыға алатынын жариялады.

Алматы, NEGE. Елордалық Әлішер Ағыбаев Чехияның Прага қаласындағы білім ордаларының бірінде тіл курсынан өткен. Алдағы емтиханнан кейін бакалаврға тапсырады. Індет Еуропаға жетіп, сабақ онлайн режимге көшкен соң, елге оралыпты. Оның айтуынша университет емтиханды Чехияға келіп тапсыруды міндеттеген. Бірақ ол қалай баратынын білмей дал. 

«Менде қабылдау емтихандары басталады, шамамен үш аптадан кейін. Оны онлайн тапсыруға университет рұқсат берсе де менде визаның уақыты өтіп барады. Студент болғандықтан оны тек Чехияда ұзарта аламын. Екеуіне де үлгермесем тағы 1 жыл 2 млн 200 мың теңге төлеп, курсты қайта оқуым керек», - дейді Әлішер.

 Осыдан бір апта бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті карантин кезінде кімдер Қазақстаннан шетелге шыға алатынын жариялады. Олардың қатарында өзге елде білім алатын студенттер де бар. Тек шетелде білім алып жатқанын растайтын құжат болса болғаны деген еді. Бірақ Қазақстан әлі әуе кемелеріне шетелге ұшуына рұқсат берген жоқ.

Әлемдегі жағдайға байланысты бұл мәселе бір министрлік шеңберінде ғана шешілмейді. Бұл ел ішінде коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствааралық комиссияның отырысында талқыланбақ.  Студенттерге рұқсат берілген жағдайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі оларды ЖОО орналасқан елдерге ұшақпен жеткізуге дайын екендерін айтты. 

Тегтер: