Сапарбаев: «Бәрін тегін беріңіздер» деген талап дұрыс емес

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында жәрдемақы мәселесі туралы кеңінен тоқталды.
Алматы, NEGE. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Масылдық пен мұқтаждықтың айырмасын білуіміз керек» деп бекер айтқан жоқ. Біз мұқтаж адамдарды табуымыз керек. «Атаулы әлеуметтік көмек» деген атауының өзі айтып тұр. Бұл – көмек, жалақы емес. Отбасыға көрсетілетін уақытша қолдау. Әлеуметтік салаға бөлінетін мемлекеттік шығын өсіп келеді. 2018 жылы үлесі 43 пайызға тең болса, биыл 45 пайызға жетті, 2020 жылы бұл лес 50 пайызға жеткізілмек», – деді премьер-министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, ол көпбалалы аналардың арнайы кезегі пайда болғанын және пәтер сұрайтындардың көбі талапты орындамайтынын айтты. «Бізге баспана беріңіздер» дейді. Бірақ баспана заң бойынша – кезекпен беріледі. Жалпы мұның бәрін олар түсінеді. Бірақ біз де оларды түсінеміз. Енді бөлек кезек жасаңыздар дейді. Біз заңға арнайы өзгеріс енгізіп, көпбалалы аналарға бөлек кезек жасақтадық, Бірақ тұрғылықты тіркеуі жоқ, 5-7 баласы барларын да кездестірдік, олар да пәтер сұрайды. Олардың көбі өткен жылы және биыл Шымкенттен, Түркістан және Жамбыл облыстарынан көшіп келген. Оларға тіркеу ережесі бар екенін түсіндіреміз, Нұр-Сұлтанда кем дегенде үш жыл тұру керек дейміз» деді.
Сапарбаев сұхбатында үнемі халықтың ортасында жүретінін жеткізді. «Соңғы кездесуім «Жанұя» орталығында өтті. Олар түсінгенін айтып, тіпті кешірім сұрағандары болды. Сөйлесуден ешқашан қорыққан емеспін, кабинетімде отырмағанмын», – деді Сапарбаев.
Және олш «бәрін тегін беріңіздер» деген талап дұрыс еместігіне екпін түсірді. «Шымкенттегі жағдай естеріңізде ме? Көпбалалы аналар шығып, жәрдемақы мәселесін көтерген. Шығыс Қазақстанда оралмандар шықты. Бірақ біз оларға бар жағдайды жасағанбыз: пәтер бердік, балабақша, мектеп, медициналық пункттермен қамтамасыз еттік. Тағы да «бәрін тегін беріңіздер» дейді. Моңғолия мен Қытайдан келген оралмандарға несие бердік. Олар «Кредитімізді кешірсін, әйтпесе электр тогына төлемейміз» дейді. Түсіндірдік, сосын олар сабырға келді», – деп түсіндірді ол.