17 Ақпан 13:17

Санақшылар НЕГЕ жаңылысты?

Фото:
Қазақстан 2020 жылғы халық санағын ұйымдастыру мен өткізуге 8,2 миллиард теңге жұмсауды көздеп отыр. Бұл туралы

13 ақпанда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді.

Комитет төрағасының айтуынша, бұл ақшаның 3,7 миллиардын санақ өткізуге қатысатын 32 мың адамның еңбекақысына, миллиард теңгеге жуық бөлігін планшеттер сатып алуға жұмсауды жоспарлап отыр екен. Айтпақшы, бұл Қазақстан тарихындағы тұңғыш цифрлы форматтағы санақ мұқтажына 27 мың планшет сатып алынып қойған көрінеді. Олардың бір бөлігін санақтан соң денсаулық сақтау министрлігіне бермек. Санақты екі кезеңде: маусымның 1-і мен 30-ы аралығында және қазанның 1-і мен 30-ы аралығында өткізу жоспарланған.

Қош, статистика комитетінің сайтындағы дерекке үңілдік. Комитетке қазынадан 8,2 млрд теңге (21 707 548 АҚШ доллары) сомасында қаржы қарастырылған. Әрі қарай былай делінген:

Салыстыру үшін:

2009 жылғы Қазақстан Республикасы халық санағының бюджеті 6,5 млрд. теңгені құрады. 2009 жылғы халық санағын өткізу кезінде бір адамға шаққандағы шығындар - 2,9 АҚШ долларын құраса, 2020 жылы - 1,2 АҚШ долларын құрайды.

2020 жылғы Ресей Федерациясы халық санағының бюджеті 50 млрд.  рубль құрайды. Ресейде санақ өткізу кезіндегі бір адамға шаққандағы шығындар – 3,6 АҚШ долларын құрайды. 

Сонымен бірге бір адамға есептегенде санақ құны:

Беларусь Республикасында – 1,04 АҚШ долларын; 

Әзірбайжанда – 1,44 АҚШ долларын құрады.

Бірінші сұрақ: Бұл мәліметтермен комитет не айтқысы келеді? Біз посткеңестік елдермен және алдыңғы санақпен салыстырғанда бюджет қаржысын үнемдедік деу үшін бе? Олай болса комитет өкілдері неге қате дерек береді? Мәселен, Ресей Федерациясында санақ өткізуге құзыретті Росстат басшысы Павел Малков санақ науқанына 33 млрд рубль жұмсау жоспарланғанын ресми түрде мәлімдеген. Оны интернеттен іздеп табуға болады. Сонда біздің комитет бақандай 17 млрд рубльді қайдан тауып алған? Әлде қателескен бе? 17 миллион болса бір сәрі, 17 миллиардқа «қателесу» мүмкін емес қой. Енді Ресейдің 144 миллионнан асатын (соңғы санақ бойынша) тұрғынын санауға жұмсайтын ақшасын долларға шақсақ 520 млн 410 мың доллар болады екен. Міне, осы кезде жаңағы комитет айтқан адам басына шаққандағы 3,6 АҚШ доллары шығады.

Әзірбайжан 10 млн 027 мың (2019 жылдың тамызы бойынша) тұрғынын қайта санап шығуға 23 миллион манат немесе 13 млн 529 мың доллар жұмсаған. Жан басына шақсақ – 1,31 доллардан айналады.

Беларустар санақ науқанына қазынадан 8,3 млн рубль немесе 3 млн 760 мың доллар бөлген. 9 млн 475 мың адамның (соңғы дерек бойынша) әрқайсысына бөлгенде санақ шығыны 2,5 АҚШ доллардан шығады. Осыдан кейін «Комитет пен біздің санауымыз неге екі түрлі?» деген сұрақ туады. Кім қателесті?

Комитет келтірген тағы бір дерек: «2009 жылғы санаққа 6,5 млрд теңге бөлінген, ал 2020 жылы – 8,2 млрд теңге. Жан басына шаққандағы шығын 2009 жылы – 2,9 АҚШ доллары, ал 2020 жылы – 1,2 АҚШ долларына тең» дейді. Сірә, комитет мұны бұрынғы жылмен салыстырғанда жан басына шаққандағы шығынды екі еседен астам сомаға арзандаттық деп көрсеткісі келген секілді. 2009 жылғы доллар бағамымен жұмсалған қаржыны 18 миллион (ресми дерек) тұрғынға бөлгенде 2,9 емес 2,4 АҚШ доллары шығады. Ал биылғы кететін шығынның жан басына шаққанда азаюының басты себебі теңгенің құнсыздануымен ғана байланысты.

Айтпақшы, 2009 жылғы санаққа бөлінген ақшаның 700 млн теңгесін ҚР статистика жөніндегі Агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталғаны есімізде. Кейін президенттің рақымшылығымен оның түрме жазасы екі жылға қысқарып, 2018 жылы бостандыққа шықты. Ал биылғы халық санағында қалай өтері әзірге белгісіз...  

Тегтер: