Сайлау-2022: Кандидаттардың теледебаты қалай өтті?
20 қарашасына тағайындалған кезектен тыс президент сайлауына орай кандидаттар арасында өткен телевизиялық пікірсайыс өз мәресіне жетті.
Алматы, NEGE. «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде сағат 20.00-де басталып, 1 сағат 40 минутқа созылған теледебатқа кандидаттардан Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен, Салтанат Тұрсынбекова және іс басындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәл осы күні Өзбекстанның Самарқанд қаласында алдын ала жоспарланған Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне байланысты жұмыс сапарына орай сенімді өкілі Ерлан Қошанов қатысты.
ҚР Орталық сайлау комиссиясымен алдын ала келісілген регламентке сәйкес, пікірсайыс 4 раундқа созылды. «Сайлауалды бағдарламаның таныстырылымы» деп аталған бірінші раундта кандидаттар және олардың сенім білдірген өкілдері сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды.
Жеребеге сәйкес, алдымен сөз тізгіні Ерлан Қошановқа тиіп, ол «Алдағы жеті жылда Қазақстан қандай болады?» деген сауалға Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасы жауап беретінін атап өтті.
«Біріншіден – әділетті қоғам! Яғни, қоғамда заң үстемдігі мен тәртіп салтанат құруы тиіс. Екіншіден – әділетті экономика! Ендігі жерде билік те, байлық та бір қолға шоғырланбайды. Шетел асқан халықтың қазынасы елімізге толықтай қайтып оралады. Үшіншіден – әділетті мемлекет! Яғни, мемлекет ешкімнің жеке меншігі емес. Әділетті, бақуатты, қауіпсіз мемлекетті бәріміз бірге құратын боламыз!», – деді ол.
Сонымен қатар ол мемлекеттік тіл – біздің бойтұмарымыз екенін баса айтты.