22 Қаңтар 16:45

Ресейде Қазақстан ІІМ-нің әскери қызметкері өлі табылды

Фото:

Ресейдің тергеу комитеті ардагердің өліміне күдікті ретінде жасөспірімдер ұсталды деген ақпаратты жоққа шығарды. Санкт-Петербург қаласында Қазақстан ішкі істер министрлігінің ардагері қаза болды деген ақпаратқа қатысты РФ тергеу комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Алматы, NEGE. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында кеше, 21 қаңтар күні сағат төрттер шамасында подполковникті өз үйінің жанында жасөспірімдер соққыға жығып, өлтірді деген ақпарат тарады. Шұғыл ауруханаға жеткізілген 62 жастағы ардагер бір сағаттан кейін көз жұмған.

РФ тергеу комитетінің Санкт-Петербург бойынша басқармасы осы оқиғаға қатысты ресми хабарлама жариялады. Оған сәйкес, тергеуге дейінгі тексеріс басталды. Алдын ала мәлімет бойынша ер адам жазатайым оқиға кезінде қатты жарақат алды. Ол өз пәтеріне кіріп бара жатқанда шалқасынан құлаған.

«Оқиға орнында тексеріс жүргізілді. Куәгерлерден жауап алынып жатыр. Сот-медициналық сараптама өткізіледі. Тергеу қызметінде оқушылардың ер адамды өлтіргені туралы ақпарат жоқ. Ал олардың қамалғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Тергеуге дейінгі тексерістің нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданады», – деп хабарлады тергеу комитеті.

«Журналистік зерттеу» агенттігінің мәліметіне сәйкес, Вячеслав Жексенов Қазақстанның ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінде жұмыс істеген. Подполковник шенінде зейнетке шықты.

2014 жылы Жексенов Санкт-Петербург қаласына көшіп, кәсіпкерлерге кеңес беру бойынша шағын бизнес ашқан.

Тегтер: