22 Қазан 15:51

ПТР-тест тапсырмаған адамды жұмыстан шеттету заңға қайшы ма?

Фото:

ПТР-тест тапсырмаған адамды жұмыстан шеттету заңға қайшы емес екен. Бұл жайында бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов айтты. 

Алматы, NEGE. «Дүйсенбіден бастап Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті нормасы күшіне енді. Оған сәйкес, жұмыс беруші вакцина алмаған немесе ПТР-тест тапсырмаған адамды жұмысқа кіргізбейді», – дейді Төлеген Оспанқұлов.

Оның айтуынша, COVID-19-бен ауырған адамды жұмысқа жібермеу керектігі туралы заңда тікелей норма болмағанымен, Еңбек кодексінің 48-бабының 1-бөлігінде заңнамалық және мемлекеттік органдар шығарған актілер негізінде еңбектен шектеуге жол берілетіні көрсетілген.

«Денсаулық туралы кодекс бойынша, санитарлық дәрігердің қаулысы міндетті түрде орындауға жататын құжат болып саналады. Сол себепті жұмыс беруші адамды жұмыстан шеттете алады. Тіпті жұмыстан шеттетілген уақытта айлық төлемеуіне де болады», – дейді еңбек инспекторы.

Егер екіжақты келісім болса, айлықтың 50 пайызын немесе ең төменгі еңбекақы мөлшерін төлей алады екен. Ол үшін екі жақтың да келісімі болуы тиіс.

Тегтер: