21 Қазан 21:34

Президент сайлауы: Үгіт-насихат науқаны басталды!

Фото:

Бүгін, 21 қазан күні кешкі сағат 18:00-де президенттік сайлауға қатысатын кандидаттардың үгіт-насихат науқаны басталды.

ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штаб еліміздің барлық өңірінде үгіт-насихат науқанын бастады.

Республикалық қоғамдық штабқа 3 парламенттік саяси партиядан және 22 республикалық қоғамдық ұйымдардан тұратын Халықтық коалицияның өкілдері кірді.

Бүгін Халықтық коалицияның белсенділері еліміздің барлық өңірінде үгіт-насихат баспа өнімдерін тарату және ақпараттық материалдарды БАҚ пен әлеуметтік желілерге жариялауды бастады.

Ертең Республикалық қоғамдық штабтың алғашқы отырысы өтеді. Сонымен қатар, келесі аптадан бастап РҚШ мүшелері сайлаушылармен кездесу үшін аймақтарға барады.

Сондай-ақ бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды штабын ашу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің жиыны өтті. Шараға партияның Саяси кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.

Жиын барысында Сайлауалды штабтың үгіт-насихат кампаниясына дайын екендігі айтылды. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы әзірленді, үлестіру материалдары, сыртқы жарнаманың дизайны әзірленді, өңірлердегі мәселелер жөнінде халықтың пікірін жинау бойынша үлкен жұмыс жүргізілді.

 Жиынға қатысушылар Сайлауалды штабтың жетекшісі қызметіне кандидатқа дауыс берді. Жетекшілікке бірауыздан  ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов сайланды.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан сайлауға түсетін кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық штабы да науқанға дайын екенін мәлімдеді..

Кандидаттың республикалық штабының басшысы Төлеутай Рахымбеков штаб жұмысын аша отырып, құттықтау сөз сөйледі. Ол кандидатты таныстырып, сайлау науқанын өткізу жоспарлары туралы айтты.

«Үгіт-насихат жұмыстарымен Қазақстанның барлық елді мекенін, атап айтқанда, 88 қаланы, 30 кентті, барлық 20 өңірде орналасқан 6 000-нан астам ауылдық елді мекенді қамтуды жоспарлап отырмыз. Біздің кандидат пен сенімді тұлғалардың сапарлары «Есіктен есікке» форматында өтеді. Барлық іс-шара уақытында өткізіледі. «Ауыл» партиясынан кандидат Жигули Дайрабаевтың бағдарламасы мен ұсыныстары өз жақтастарын табады деп үміттенеміз», – деп атап өтті Төлеутай Рахымбеков.

Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкеннің сайлауалды штабы Сығанақ көшесі 43, "Аңсар" бизнес-орталығы мекенжайында орналасқан. Бұл күні сонымен бірге оның үгіт-насихат науқаны да басталды.

Мейрам Қажыкен келген қонақтарға өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Бағдарламаның басты фокусы – жасы, жынысы, ұлты, діні мен әлеуметтік мәртебесіне тәуелсіз Адам болып табылады. Бағдарлама барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, оларды іске асыру үшін баршаға тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған.

ҚР Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова мен Қарақат Әбденнің штабы да сайлау науқанына тас-түйін дайын екенін мәлімдеді.

С.Тұрысбекованың штабы кандидаттың сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі талқылады. Салтанат Тұрсынбекова күштерді әділдік пен әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге, балаларды, әйелдерді, қарттарды және мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғау мен қолдаудың тиімді және нақты тетігін құруға бағыттамақ.

  

Ал Қ.Әбден Астана қаласындағы LED-экрандарға үгіт-насихат материалдарын жариялап, дайын парақшаларын аймақтарға таратпақ. Сондай-ақ видео роликтерін телеарналарға дберуге дайындап отыр.

Тегтер: