23 Маусым 09:22

Президент ерлік көрсеткен алматылық студентті марапаттады

Фото:

  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы субұрқақта тоққа түскен адамдарды құтқарған студент Абылай Балапановты құрмет грамотасымен марапаттады.

Алматы, NEGE. Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен студент Абылай Балапанов құрмет грамотасымен марапатталды.

«Мемлекет басшысы адамдардың өміріне қатер төнгенде көрсеткен асқан ержүректігі мен батылдығы үшін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті Абылай Балапановты Құрмет грамотасымен марапаттады», – деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында.

Абылай Балапанов өткен демалыс күндері Алматы қаласындағы субұрқақтардың бірінде тоқ соғып, зардап шеккен әйел мен екі баланы құтқарып қалған.

Естеріңізге салсақ, Алматыда 19 маусымда субұрқақтардың бірінде екі қыз бен бір ересек адамды тоқ соқты. Оларды құтқарғандардың бірі – алматылық 19 жастағы Абылай Балапанов. Ол Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті. 

«Орындықта кітап оқып отырған едім. Бір кезде «помогите» деген дауыс шықты, көмекке шақырды. Артыма қарасам, сол маңға он шақты адам жиналып қалыпты. «Не болды?» деп жүгіріп бардым. Барсам, субұрқақтың ішінде адам бетімен жатыр. Екі кішкентай қыз бен бір әйел кісі етбетімен суға жабысып қалған екен», – дейді Абылай.

Айтуынша, ол бірінші қыздың анасын судан шығарған. Өзін тоқ соққанына қарамастан екінші рет жасөспірімді шығаруға ұмтылған.

«Анасын қалай құтқарғаным есімде. Суға түстім, бірден аяқтан жамбасқа дейін тоқ ұрды. Бірақ қатты ұрған жоқ. Содан анасының қолынан ұстап, шығарып алдым. Қызын құтқаруға барған кезде тоқ біріншіге қарағанда қатты ұрды. Тоқ ұрды да, суға құлап түстім. Денемді толық тоқ ұрып жатты. Субұрқақ тоқтаған кезде жиегіне барып отырдым. Сол кезде қасыма 40-50 жастағы үлкен аға келді де, «тоқ ұра ма?» деп сұрады. «Иә» дедім. Сол кісі ақырындап суға түсті де қызды аяғынан тартып шығарып алды», – деді Абылай оқиғаның қалай болғаны жайлы.

Абылай тоқ соққан әйелдің қызын құтқарған ер адам туралы ештеңе білмейтінін айтты.

«Екінші қыз есін біліп, жылап тұрды. Ол қыздың қолын тоқ соққан», – деді Абылай.

Айта кетейік, Алматыда сенбіде әйел мен екі қызды субұрқақ ішінде тоқ соқты. Субұрқақ жанында балаларымен бірге отырған Үкілай Бестай есімді алматылық оқиға орнынан кадрларды жариялады. Оның айтуынша, екі қызды электр тогы ұрған. Оларды шығарамын деп барған қыздардың біреуінің анасы да темірге жабысып қалған.

«Мен сияқты суға түсуге көп адамның жүрегі дауаламады. Сол кезде осы Абылай деген жігіт өзін тоқ соғып жатса да, кезек-кезек оларды судан шығарды», – дейді видео авторы.

Оның сөзінше, аман қалған қыздардың бірі Талдықорғаннан келген, анасының құрбысы лагерьден алып 4 баланы қыдыртып жүрген екен.

Кейіннен Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы қыздардың жағдайы жақсы екенін, ал әйелдің жансақтау бөлімінде жатқанын, жағдайының ауыр екенін мәлімдеді.

Тегтер: