6 Мамыр 18:41

Полиция қаржы пирамидасы құрбандарын іздеуде

Фото:

Алматы полицейлері белгілі тележүргізуші Баян Алагөзова мен вайнерлер жарнамалаған қаржы пирамидасының құрбандарын іздестіріп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты. 

Алматы, NEGE. Полиция мәліметінше, сәуірде бір топ адам Алматы қалалық ПД-ға қаржылық пирамида құру және басқару дерегі бойынша ASTEX.KZ, ACD technology компанияларының лауазымды адамдарына қатысты ұжымдық өтініш жазған. 

«Соталды тергеу барысында 2019 жылдың ақпанынан бастап 2021 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта аталған ЖШС лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажет делінген қаражатты тарту бойынша бірлескен қызмет туралы шарт жасасқаны анықталды. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әр салымшыға аударылған соманың 20 пайызын төлеуі керек болатын.

Сонымен қатар, ASTEX.KZ 160 салымшының бір миллиард теңгеге жуық қаражаты басқа компаниядан MUDARABAN CAPITAL арқылы түскені анықталды. Сондай-ақ, ASTEX.KZ ЖШС мен ACD technology ЖШС-не басқа да компаниялар арқылы салымшылардан ақша ағындары аударылғаны белгілі болды», – деді Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.

Қаржы пирамидасын құрды және басқарды деген екі күдікті бар. Бірі бұрын порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату бойынша сотты болған 39 жастағы ер адам, екіншісі 47 жастағы ер адам.

«Аталған ЖШС басшыларының қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен басқа тұлғаларды анықтау үшін азаматтарға жүгінудің процедуралық қажеттілігі бар. Осы мақсатта біз зардап шеккендердің көмек сұрап хабарласа алатын телефондарын хабарлаймыз: 8-778-375-16-00 және 8-775-594-42-00», – деді Әбдрахманов.

Тегтер: