11 Қыркүйек 21:08

Полицейлер әулеті: Отбасыға ынтымақ пен сыйластық керек

Фото:

Бүгінгі кейіпкерлеріміз өмірде тек ерлі-зайыпты ғана мес, қызметте иық тірестіре жұмыс атқарып келе жатқан әріптестер. Nege.kz сайтының тілшісі осындай жандардың бірі Тастемировтер әулетімен сұхбаттасқан болатын.

Полиция подполковнигі Мейіржан Тастемиров – Шымкент ҚПД Қаратау АПБ Тылды қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып қызмет етеді. Ал жұбайы Айжан Сапарбаева Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ИЧ 11 мекемесінде бақылаушы әділет кіші сержант.

– Алдағы Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Екеуіңіздің бірдей полиция қызметкері болғандарыңыз қиын емес пе? Қалай таныстыңыздар?

– Рахмет! Сіздерді де және барша қазақстандықтарды Халықаралық отбасы күнімен құттықтаймын! Бір отбасыдан ерлі-зайыптының полиция қызметкері болу оңай емес. Отбасы мен перзенттерге көңіл бөлуге, үй шаруаларына уақыт табуға кейде үлгермей қаламыз. Жұмыс уақытында жүргенде, балаларды мектептен, бала-бақшадан үйге алып кетер кезде бір-біріміздің жұмыс уақытымыздың ыңғайына қарап, қызметке зияны тиіп қалмайтындай бірлесіп шешім қабылдаймыз. Кейде қиындықтар болып тұрады. Оған мойыған емеспіз. Жұбайыммен танысқанда кезде ол полиция саласында жұмыс атқармайтын еді. Онымен танысқанымда мен Ішкі істер органдарында жас лейтенант маманы болдым. Ал менің сол кездегі болашақ жұбайым Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің 4-курс студенті еді. Уақыт өте келе ол да полиция қызметкері болсам ба деп ойланды. Басында қалай болады екен деп көп ойландым. Дегенмен отбасылық ортақ шешімге келіп менің жұбайым да полиция қызметкері атанды. Әрине өзіндік қиындықтары бар, дегенмен, отбасыммен бірлесіп кез келген қиындықтарды шешеміз деген сенімдемін. Кімде кім кез-келген қызметте жұмыс жүйесін жақсы меңгерсе, одан ешкім қиналмайды деген ойдамыз.

– Естуімізше, сіздер тек жұбайыңыз екеуіңіз ғана емес, әулеттеріңізбен осы салада екенсіздер...

–  Расында біздің отбасыны полицейлер династиясы деп атауға болады. Қазіргі таңда  менің ағам, қарындастарымның барлығы да Ішкі істер органдары қатарында қызмет атқарады. Атап айтқанда туған ағам полиция полковнигі Тастемиров Қабыл қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасында бастықтың орынбасары, қарындасым полиция капитаны Тастемирова Ақбота Шымкент қаласы Полиция департаментіде Анықтау басқармасында аға анықтаушы, екінші қарындасым полиция капитаны Тастемирова Ақерке Шымкент қаласы Полиция департаментіде жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың психолог-маманы болып қызмет атқарады. Одан бөлек өздеріңіз де білесіздер, менің өмірлік жарым Айжан да осы саланы таңдады.

– Қызмет пен отбасыны қатар алып жүруде өзіндік қандай құпияларыңыз бар? Отбасының берік болуы неге байланысты?

Тастемиров Қабыл

– Құпия дейтін, ешқандай құпия жоқ. Күнделікті отбасылық тұрмыс-тіршілік. Қызметте тек өзімізге бекітілген талаптарды, сондай-ақ заң саласында жұмыс істегендіктен тапсырылған қызметті бұлжытпай уақытында орындау біздің міндетіміз. Жұмыстан үйге келгенде жұмыстың мәселесін, ал үйден жұмысқа барғанда үйдің жағдайын алып бармау. Себебі, барлық нәрсе өз орнымен болуы қажет. Сондықтан ешқандай құпия ұстанбаймыз. Отбасының берік болуы үшін ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығы мен құрметі басым болу керек. Әйелі отағасының абыройы үшін салт-дәстүрді ұстанып, перзенттерін өсіріп, үлкеннің батасын алып өркендегені дұрыс. Сондай-ақ жұмыс бойынша шешілмей жатқан түйін болып қалса, бірге ақылдасып, шешім қабылдау керек. Отбасы болғандықтан түрлі жағдайлар болады. Сол сәттерде барлық жағдайға оң көзбен қарап, ашу-ызаға берілмей, ынтымақпен өмір сүру керек. "Өмір шыдамдыны жақсы көреді" дегендей, ең бастысы ынтымақ пен сыйластыққа байланысты.

– Ортақ қызметтеріңізге байланысты есте қалатын қандай қызық оқиға болды?

– Екеуміздің бірдей полиция саласында қызмет атқарудың өзі қызық қой. Кім ерте тұрады, кім кешігіп қалады деп бір-бірімізбен әзілдесеміз және үнемі қолдап жүреміз. Барлығы өз қалпында өтіп келеді. Ішкі істер органдары қатарында қызмет атқарғандықтан әрине өзімізді үлгі ретінде қатал ұстаймыз. Өйкені өзіңізге белгілі ғой егер полицияның өзі жинақты, үлгілі болып жүрмесе, халық арасында теріс пікір қалыптасады ғой. Сондықтан кай кезде де болмасын қызметте абыройлы жұмыс атқару басты міндеті.

– Балаларыңыз полиция қызметкері болғысы келе ме? Жалпы, олардың да Сіздердің жолдарыңызды қуғанын қалайсыздар ма?

– Әрине, балаларымыз елге қызмет етеміз деп әрқашан құлшыныс танытады. Патриот болуды саналарына құйып келеміз. Сол себепті спорттық секцияларға қатысады. Ер намысты болу үшін барлық ыңғай жасалынып отыр. Біздің қызметтік жолымызды қуып жатса, қарсылық білдірмейміз. Өйткені бала жастайынан неге бейім келеді, соған дағдылануы керек. Уақыт деген бәрін көрсетеді. Өсіп, үлкен ер-азамат, азаматша болып, полиция қызметкері боламын десе, қуанамыз. Ешқандай қарсылық жоқ.

– Сіздердің түсініктеріңіздегі нағыз полицей қандай?

– Полиция - ең алдымен ел тыныштығына үлес қосатын тұлға. Ауыр, қиын жағдайлар орын алып қалған кезде оқыған білімімен және іскерлігімен Заң бойынша оң шешімін тауып, тұрғындармен жақсы қарым-қатынаста болу. Елге сыйлы, жәрдемін беретін қызметкер.

– Жұмыстан тыс уақыттарыңыз қалай өтеді?

– Жұмыстан кейін балаларымызбен сұхбаттасып, қандай қызықты оқиға болғандарын сұрап, сабақтарына жәрдем береміз. Саябақтарда қыдырып, ата-әжелерімен серуенге шығып, ұлдарымызды садақ ату, атқа міну орталықтарына барып, уақытты тиімді өткізуге тырысамыз.

Тегтер: