29 Мамыр 13:31

Пойыз жолаушылары нені білуі керек?

Фото:

1 маусымнан бастап, жолаушылар пойыздарының қозғалысы қайта жанданады. Бұл жағдайда барлық санитарлық нормалар мен талаптар сақталуы тиіс. ҚазАқпарат агенттігі вокзалдар мен пойыздардың қауіпсіздік шараларына шолу ұсынады.

Алматы, NEGE. «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамын әзірледі. Вагон ішіндегі температуралық режим дұрыс болуы үшін барлық желдеткіш пен ауа баптау жүйелері тексерілген. Сондай-ақ, вагондар күнделікті дезинфекциядан өтеді. Жолсеріктерге жолаушылардың қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін ережелер мен нұсқаулықтар жасалды», - «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Солтүстік» тасымалы бойынша өңірлік филиал директоры Гүлнар Қонысбаева. 1 маусымнан бастап, жұмысқа келген қызметкерлер күн сайын медициналық тексеруден өтеді. Содан кейін санитарлық нормаларды сақтау жөнінде жеке және ұжымдық нұсқаулық өтеді. Бұл барлық санитарлық нормаларға сәйкес келуге және вагондарды дайындауға арналған.

Бүгінде барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Әр вагонға антисептик құрылғылары қойылып, жолсерікте маскалар, қолғаптар, антисептикалық заттар болады. Жолаушыларға жадынама «Карантин шаралары жеңілдегенше жолаушыларға да бірқатар талап қойылады. Сапарға шығарда жолаушы дене қызуын тексеріп алуы керек. Вокзал аумағына тек маскамен кіргізіледі. Әр жолаушы жеке қорғаныс құралдарымен, антисептикпен жүруі тиіс. Жолаушының масканы қаншалықты жиі ауыстыратыны тексерілмейді, барлығы – жолаушының өз жауапкершілігінде болады. Жолаушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, ешкім вагоннан түсірілмейді», - дейді Г. Қонысбаева. Вагоннан-вагонға өту шектеулі болады. Пойыздағы мейрамхана да уақытша жұмыс істемейді. Вагон ішіндегі ыдыс-аяқ бұрынғыдай беріледі. Жолсеріктер барлық жуғыш және зарарсыздандырғыш заттармен қамтамасыз етілген.

«Ең бастысы, біз вагондағы жолаушыларға жағдай жасауымыз керек. Уақытында дезинфекциялап, бір ауысымда вагонды екі рет, ішкі бөлме мен дәретхананы кемінде төрт рет жуу керек. Пойыз кестесіне сәйкес, аялдама қарастырылған жерлерде жолаушылар пойыздан түсіп, азық-түлік сатып ала алады. Бәрі қалыпты режимде болады», - деді компания өкілі. Вагон ішіндегі орындардың барлығына билет сатылады. Жол жүру билеттері вагондағы орын санына сәйкес болады. Бірінші кезеңде плацкарт және купе вагондары іске қосылады.

Пойыз ішіндегі жолаушыдан ауру белгілері байқалса, жолсерік арнайы алгоритммен әрекет етеді. Жолсерік шағымданған жолаушының дене қызуын өлшеуі керек. Егер температура 37 градустан жоғары болса, жолсерік жолаушыны оқшаулайды. «Жолаушы өз купесінде оқшауланады, көршілес жолаушылар басқа бос немесе қызметтік купеге ауыстырылады.

Сонымен бірге, науқас жолаушы кіретін дәретханаға өзгелер кіргізілмейді. Жолсерік тұтас вагон жолаушыларының маскаларын ауыстырады. Ол үшін вагондарда резерв бар. Содан кейін жолаушы оқиғаны пойыз басшысына баяндайды. Пойыз басшысы машинист арқылы ең жақын станцияға хабар беріп, сырқаттанған жолаушыны түсіріп кетеді. Бұл алгоритм барлық қызметкерге түсіндірілді», - деді Г. Қонысбаева.

Сонымен бірге, «Нұр-Сұлтан-1» вокзалының басшысы Ғалым Әбдіханов тілшілерге вокзал ішіндегі тәртіпті түсіндірді. «Бас санитарлық дәрігердің 14 мамырдағы Қаулысына сәйкес, вокзалдағы барлық нүктелер, өтпе жолдар қайта пысықталды, желдеткіштер ауыстырылды. 1 маусымнан бастап жолаушыларды қабылдауға дайынбыз. Вокзалда арнайы медициналық қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Кассалар да тәулік бойы ашық. Әзірге, «Жолаушылар тасымалы» АҚ 6 кассасы және жеке компаниялардың 6 кассасы жұмыс істеп тұр. Маскасы жоқ жолаушы вокзал аумағына кіргізілмейді. Ол үшін дәріхана жұмыс істейтін болады. Ал кафе-дәмханалар карантин шаралары жеңілдеген соң ашылады», - деді ол.  

Тегтер: