25 Қараша 15:50
...
Павлодар облысының мектеп оқушылары тәуелсіздік жылдары 9000-ға жуық медаль жеңіп алды

Павлодар облысы орта білім беру саласының көрсеткіштері бойынша үздіктер қатарында. 20 жыл бойы өңір құрамасы еліміздің үздік олимпиадалық командасы атанып келеді.
Алматы, NEGE. Тәуелсіздік жылдары жергілікті оқушылар түрлі олимпидаларда, оның ішінде халықаралық сайыстарда 9 мыңға жуық медальдерді жеңіп алды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың ОКҚ-гі баспасөз конференциясында белгілі болды.
«Біздің оқушылар мен түлектер ғылым, өнер, спорт және басқа салаларда еліміздің атын шығарып келеді. Дарынды әнші Мудряк Мария, ғаламшарымыздың ең көп жеңіске жеткен шәкірті Есенов Қуат, физика пәнінен бүкіләлемдік олимпиаданың күміс жүлдегерлері Драганчук Антон мен Рахымжанов Дінмұхамед және басқалар павлодарлық мектептердің тәрбиеленушілері. Өңірдің зияткерлік және кадрлық әлеуетін сақтап қана қоймай, оны дамыту біздің басты парызымыз. Тәуелсіздіктің 30-жылдығында Павлодар облысының 300 білім алушысы ерекше жетістіктері үшін материалдық сыйақы алады», - деп хабарлады Әбілқайыр Сқақов.
Сонымен бірге, ол білім беру саласының бюджеті соңғы екі жылда екі есеге өскенін атап өтті. Оқу мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын қаржыландыру 12 есеге артты.
«Бұл қаржы бізге жай ғана күрделі жөндеу жүргізіп қана қоймай, 50-60 жыл бойы жөндеу көрмеген мектептерді толық модернизациялауға мүмкіндік береді. Оқу мекемелерін кешенді жабдықтау және көріктендіру үшін 2025 жылға дейін 85 мектепті қамтитын өңірлік «Заманауи мектеп» бағдарламасы құрастырылды, - деп есеп берді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Оның ақпараты бойынша өткен жылы бекітілген бағдарлама бойынша бүгінде білім беру саласының дамуына үлес қосқан 59 ұстаз марапатталды. Олар 1000 АЕК сыйақыға ие болды, бұл 3 млн. теңгеге жуық соманы құрайды.