16 Қараша 08:56

Павлодар облысында мас болып көлік жүргізген 36 адам ұсталды

Фото:

  Павлодар облысында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы барысында 3 мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. 

Алматы, NEGE. Мәселен, Ақтоғай ауданының Приречинск ауылында «Рейсер 110» маркалы мотоциклді мас күйінде басқарған 30 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды. Ал Шарбақты ауданының Шалдай ауылында «Honda CRV»маркалы автокөлік тоқтатылды. Медициналық актіге сәйкес жүргізуші мас болған. Мас жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабы 8-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа жолданды.

- Ең көп құқық бұзушылықты қауіпсіздік белдігін пайдаланбаған жүргізушілер жасады - 466 жүргізуші, жолды белгіленбеген жерде кесіп өткен немесе бағдаршамның қызыл сигналын елемеген 377 жаяу жүргінші жазаланды. Көлік құралын басқару кезінде телефонмен сөйлескені үшін 277 адам тартылды, 190-ы жылдамдық режимінен асып кетті, ал 8 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылған бола тұра көлік құралын жүргізген. Сонымен қатар, 36 жүргізуші мас күйінде көлік құралын басқарған. Түрлі заңбұзушылықтар үшін айып тұрағына 174 автокөлік орналастырылды, - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, «Қауіпсіз жол» жедел алдын-алу шарасы ағымдағы жылдың 17 қарашасына дейін жалғасады. Полиция жол қозғалысына қатысушыларды ескертеді: ауа райы нашар кезде жолда жүргенде қырағылықты арттыру қажет. Жаңбыр, тұман, қар кезінде көріну бірнеше есе төмендейді. Ауып кету қаупі, тоқтауға арналған арақашықтықтың ұзаруы жүргізуші үшін қиындық туғызуы мүмкін.

Тегтер: