Павлодар облысы ҚР-ың шикізаттық емес экспортының әрбір 8-ші долларын қамтамасыз етеді

25 қараша, 13:57
Павлодар облысы ҚР-ың шикізаттық емес экспортының әрбір 8-ші долларын қамтамасыз етеді
Фото: Ғаламтордан

Павлодар облысында 10 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндірістің көлемі 2,2 трлн теңгені құрады, оның 60%-ы өңдеу секторына тиесілі.

Алматы, NEGE. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов хабарлады.   

«Облыстың шикізаттық емес экспорты республикалық көлемнің әрбір 8-ші АҚШ долларын құрайды. Өңірдің экспорттық әлеуетінің тағы да 28%-ға ұлғаюына 2025 жылға дейін жалпы көлемі 2 трлн теңгені құрайтын 186 инвестициялық жобаны жүзеге асыру әсер етті», - деп есеп берді Әбілқайыр Сқақов.    

Оның айтуынша, өңдеу секторының үлесі машина жасау, азық-түлік, химия өнеркәсібі және мұнай өңдеу өнімдерінің есебінен артып келеді.  

ҚР-ғы бензин өндірісінің үштен бір бөлігі мен газойлдардың 40%-ға жуығы өндірілетін Павлодар облысының мұнай-химия кластері бұрыннан қалыптасса, Екібастұздағы темір жол кластері мен АӨК-ің қарқынды дамуы тағы да екі саланың өсімінің драйверіне айналды. Қазіргі кезде темір жол кластерінің бес кәсіпорны еліміз бойынша  темір жол өнімдерінің 73%-ын өндіреді. Осы айда Мемлекет басшысы Екібастұзда серпімді клеммалар мен бұрандалардың өндірісін іске қосты, ал, 2024 жылы ұсталық-таңғыштық кешенді іске қосу жоспарланып отыр.  

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірде суармалы егістіктер алқабы 135,9 мың гектарға жеткенін атап өтіп: «10 айдың қорытындысы бойынша облыс ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісінің қарқыны бойынша көш бастап келеді, екі жылдың ішінде бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге ұлғайды. Биыл өңір аграрийлері 30 жылдың ішінде алғаш рет бір миллион тоннадан астам дәнді дақылдар жинады. Сонымен бірге, қарақұмық астығы ел бойынша өндірілген қарақұмық көлемінің жартысынан астамын, сәбіз үштен бірін, картоп 16%-ын пайызын құрады. Бұның бәрі Павлодар облысының АӨК-ің инвестициялық тартымдылығын арттыруда:  қазір 1 бюджеттік теңгеге 4 теңге жеке меншік инвестициядан келеді», - деп хабарлады.

Сондай-ақ, ол шағын және орта бизнесті қолдау мәселелеріне де тоқталды. Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 58,8 млрд теңгені құрайтын 1 524 жоба қолдауға ие болды.

«Сондай-ақ, біз кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары бойынша екінші деңгейлі банктермен әріптестік орнаттық. Өткен жылы жас кәсіпкерлерге, биыл, бизнестегі әйелдерге арналған кепілсіз несиелеу желісі іске қосылды», - деді Әбілқайыр Сқақов.

Бұдан бөлек, Павлодар облысының шағын және орта бизнесі Business Ertis бағдарламасының шеңберінде алты бағыт бойынша көмек алады.