22 Маусым 17:38

Орын тапшы, ауырғандар көп: Нұр-Сұлтандағы бүгінгі ахуал қандай?

Фото:

Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханаларда бос орын тапшы, ал тест тапсырушылардың саны күн сайын артуда. Nege.kz. тілшісі Нұр-Сұлтандағы жағдайды сараптап көрді.

Соңғы екі аптада елдегі ахуал күрделене түсті. Коронавирус жұқтырғандардың және инфекцияның салдарынан көз жұмғандардың саны артты. Дертке шалдыққандардың қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та бар.

Дәрігерлердің көмегіне жүгінушілердің көптігі соншалық, кейбір емдеу мекемелері науқастарды қабылдаудан бас тартқан. Еденде, дәліздегі орындықта жатқан адамдар мен оларға жекіген дәрігерлердің видеолары желіні шулатып, халық арасында наразылық тудырып отыр.

Ақтөбе қаласындағы теміржол ауруханасында болған жайт тіпті сорақы. Дертке шалдыққандарды жатқызатын орын болмағандықтан аурухана қызметкері науқасты алып келген жедел жәрдем тобына оларды басқа емханаға апаруын талап етіп, шу шығарды.

 

«Алып кет! Ақтөбе медицина орталығына апар. Бізде бос орын жоқ, қайда жатқызамын?! Кімге айттым, алып кет!», – дейді даурыққан дәрігер Айжан Пірімбетова.

Бұл сәтті куәгерлер видеоға түсіріп алып, Instagram-да жариялады. Артынша дәрігер екі тәулік тынымсыз жұмыстан кейін жүйкесі сыр бергенін айтып кешірім сұраса да, желі қолданушылары дәрігердің бұл әрекетін қызу талқылап, сынның астына алды.

Орын тапшылығы басқа қалаларда, әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматыда байқалады. Ауруханаға ем іздеп барған адамдар орын үшін төбелесіп, КТ қорытындысын алу үшін алты сағат бойы жаңбырдың астында тұрғанын әлеуметтік желіде жарыса жазуда. Ал осыдан бірнеше күн бұрын елордадағы №1 көпсалалы ауруханада науқастар дәлізде жатқан.

Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты ауруханаларға жеткізілетін науқастар саны күрт артқан.

«Алдыңғы аптаның басында ауруханаларда бос орын болмауы себепті адамдарды палатада орын босағанға дейін уақытша дәлізге жатқызу фактілер кездесті. Бүгінгі күні олар қабылданды және палаталарға жатқызылды. Халықты қаладағы эпидемиологиялық жағдайға түсіністікпен қарап, сабыр сақтауға шақырамыз. Дәрігерлер науқастарға толық медициналық көмек көрсетуде», ­– деп мәлімдеді басқарманың баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Станционарларда орын жетпей жатқанын министрлік те мойындап отыр. Ведомствоның ресми өкілі Диас Ахметшәріптің айтуынша, індет кең тараған аймақтарда – Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары мен Павлодар, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында орын тапшы. Қосымша төсек орындар дайындалуда. 

Лық толы ауруханалардың пайда болуы – жаппай тестілеудің басталғанының көрінісі. Алдыңғы аптада елорда мен Алматыда тестілеу орталығында ұзын-сонар кезек пайда болып,  тексерілуге келгендер сағаттап кезекте тұр.

Бүгін Nege.kz тілшісі сынама алу орталықтарын аралап, жағдаймен танысып қайтты. Бұрынғыдай ұзын-сонар кезек қысқарған. Бұның бір себебі – «ОЛИМП КДЗ» зертханаларының техникалық жұмыстар мен санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың жүргізілуіне байланысты қысқа мерзімге өз қызметтерін тоқтатқанымен байланысты болуы мүмкін. Орталық филиалдары 23 маусым қайта ашылады. Әзірше салмақтың бәрі ПТР тестін ақылы жасайтын өзге зертханаларха түсіп жатыр. 

«Бүгін 70 адам қабылдадық. Олардың нәтижелері әзірге белгісіз, ал басқа күндері тапсырғандардың арасында коронавирусқа тапсырған тесттері оң нәтиже бергендер болды. Бізге жеке тұлғаларды қабылдамаймыз деген, оған «ОЛИМП» уақытша жабылды да, елдің бәрі жылап бізге келіп жатқаннан кейін біздің басшылық оларды қабылдауға келісімін берді. Негізі бізге курьерлер медициналық мекемелерден сараптамаға алып келеді. Стационарларға түскен немесе жатқан адамдардан материал алады да, бізге жеткізеді», – деді есімін айтқысы келмеген Қан орталығының қызметкері.                      

Айтуынша, куреьерлер күніне 600 биоматериалға дейін әкеледі, ал ақылы тестілеуді күніне 80 адамға дейін тапсырады. Олардың арасында еш белгілері жоқтар да, ауырып келетіндер де болады екен. Бағасы – 15 400 теңге.

Астаналықтардың біразы коронавирусқа тексерілу үшін өз еркімен келсе де, көпшілігіне жұмыс орны міндеттеген, оның үстіне басшыларының бәрі бірдей қаражат жағын өз мойындарына алмапты.

Мысалға, өзін Жақсыбек деп таныстырған жас жігіт сынама тапсыру үшін әріптесін ертіп №12 қалалық ауруханаға келді. Екеуі қаладағы бизнес-орталықтарының бірінде күзетші болып қызмет істейді.

«Бізге жұмыстағылар тест тапсырсын деді. Ақысын өзіміз төлейміз, тіпті жартысын да өз мойындарына алмады», – деді Жақсыбек.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі тестті жөн-жосықсыз тапсырмауға шақырады. Сынаманы тек жедел респираторлық-вирустық инфекция (ЖРВИ) белгілері болған, коронавирус жұқтырған адамдармен жақын байланыстағы болғандар, дене қызуы, жөтел, терлеу, тоңу, әлсіздік, өкпедегі сырыл, демігу симптомдары барлар тапсыруы керек.

«Қызметіме байланысты үнемі жол үстіндемін, түрлі адамдармен араласамын. Осы аптада Алматыға ұшуым керек еді, басшылық тест тапсыр деп жіберді. Сәрсенбі күні «ОЛИМП»-те тапсырдым. Нәтижесі оң болды. Қазір үйдемін, себебі симптомдар жоқ. Дәрігерлер хабарласып, хал-жағдайымды біліп тұрады», – дейді Абзал есімді жігіт.

Коронавирус жұқтырғандардың саны күрт артқаннан кейін науқастарды емдеу алгоритмі өзгерді: адамдар өз үйлерінде емделуге мәжбүр. Вирустың симптомсыз және жеңіл түрлерімен ауыратындар енді үйде емделеді. Олардың қатарына 38 градусқа дейін дене қызуы көтерілген, тамақтың жыбырлауы, мұрынның бітелуі, жөтелі барлар жатады.

Инфекциялық стационарға ПТР сынамасы расталған, дене қызуы 38-ден жоғары, демікпе, жалпы әлсіздік, өкпе қабынуы бар ауыр және орташа науқастар жеткізіледі. Бұның бәрі тек орын тапшылығынан ғана туындаған жоқ, қазір сау адамдардың ауруханада инфекция жұқтырып алу қаупі жоғары. Өйткені халықты емдеуі керек дәрігерлердің өзі індетке шалдыққан.

Аделаида Әуесбекова, Нұр-Сұлтан

Тегтер: