3 Желтоқсан 08:06

«Омикронның» ойраны: Тағы локдаун жариялана ма?

Фото:

Әлем жұрты шошына қабылдаған «коронавирус» індеті мутацияға түсіп, жаңа штамдарымен дүрліктіріп жатыр. Британдық штам немесе «альфа», Оңтүстік Африка штамы немесе «бета», Бразилиялық штам немесе «гамма», Үнді штамы немесе «дельта», Перулік штам немесе «лямбда» жер бетіне тарап үлгерді. Аты аталған штамдардың ішінде ішінде үнділік «дельта» ең қауіптісі болып саналады.

Вирустың беті қайтып, бұрынғы қалыпты өмірге ораламыз деп отырғанда африкалық «омикрон» штамы шыға келді.

Коронавирустың бұл жаңа штамы әлемде жылдам қарқынмен тарап жатыр. Дәрігерлер вирустың бұл штамы елімізге келуі мүмкін деп дабыл қағуда. Қазірдің өзінде коронавирустың жаңа штамы 20 мемлекеттен табылған. Олардың қатарында Оңтүстік Африкадан бөлек: Австралия, Бельгия, Ботсвана, Ұлыбритания, Дания, Германия, Гонконг, Израиль, Италия, Нидерланд, Чехия, Франция және Канада елдері бар.

«Омикрон» штамының белгілері қандай?

Оңтүстік Африкалық дәрігерлер айтқан «омикрон» штамының белгілеріне қатты әлсіздік, безгек, құрғақ жөтел, тершеңдік пен дененің сырқырауы жатады. Ең сорақысы, «омикрон» штамымен түскендердің 10 пайызы екі жасқа толмаған балалар екені анықталған. Инфекцияны жұқтырушылардың басым көпшілігі – жастар. Коронавирустың жаңа түріне шалдыққандар қатты шаршап, тамағы қысып ауырғанын айтқан.  

Жаңа штамның басқа да белгілері мен емдік шараларын зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан, «омикронның» 50 шақты мутациясы анықталған. Сонымен бірге, жаңа штамм жұғу деңгейі бойынша «дельта» штамға ұқсас екені белгілі болды.  

Инфографика: Nege.kz

«Омикронды» анықтайтын тест екі аптаның ішінде пайда болады. Әзірге оның генетикалық коды анықталған. Әлем дәрігерлері коронавирустың бұл штамы аса қауіпті екенін айтып жатыр. 

«Бұл штамм «дельта» секілді жұқпалы, «эбола» секілді қауіпті болады деп алаңдаймын», – деді Бүкіләлемдік медицина қауымдастығының (WMA) төрағасы Франк Ульрих Монтгомери Funke-ге берген сұхбатында. 

Әңгімеге арқау болған коронавирустың «омикрон» штамында жүрек соғысы жиілегенмен, дәм мен иіс сезу жоғалмайтын көрінеді. Тіпті, дене қызуы да көтерілмейді. COVID-19-бен ауырып жазылғандар да «омикрон» вирусына шалдығуы әбден мүмкін. 

Қазақстан қандай шаралар қолданып жатыр?

30 қарашада үкімет омикрон штамын елге кіргізбеу үшін 3 желтоқсаннан бастап Африканың оңтүстігіндегі елдердің (ОАР, Ботствана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави және Танзания) азаматтарын Қазақстанға келуін шектейтінін мәлімдеді. Мұндай шектеу Гонконг азаматтарына да қойылып отыр.

Омикрон штамы анықталған Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египет азаматтары Қазақстанға келер болса, вакцина салдырған-салдырмағанына қарамастан, ПТР-тестін тапсырады және тест нәтижесі қандай болса да, жеті күн карантинде болады.

Үкімет сондай-ақ Египетпен әуе қатынасын тоқтатты. Денсаулық министрлігінің дерегінше, қарашада осы бағытта 13 мың жолаушы қатынаған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жаңа штамға қатысты мәлімдеме жасаған. 

– Өкінішке қарай, әлем күрделі кезеңді бастан кешіп жатыр. Қазір коронавирустың жаңа штамы – «омикрон» анықталды. Біз індетпен күресте әрдайым бірге болуымыз керек, – деді президент.

Биолог Алексей Оскольскийдің пікірінше, локдаун туралы айтуға әлі ерте. Өйткені, адамдар әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, маска тағып, сақтық шараларын толық орындамайынша, локдаун коронавирустың жаңа штамдарынан сақтануға көмектеспеуі мүмкін. 

Жаңа штамға вакцинаның әсері әлі зерттеліп жатыр. Бірақ, ұйымның баяндамасында вакцина коронавирустан болатын өлім қаупін азайтып, аурудың асқынуына қарсы тұра алатындығы жазылған. Сақтықта қорлық жоқ! 

Тегтер: