Нұрлан Қоянбаев Назарбаевтың «Түнгі студияға» келуге қалай келіскенін айтты

27 қыркүйек, 14:43
Нұрлан Қоянбаев Назарбаевтың «Түнгі студияға» келуге қалай келіскенін айтты
Фото: ғаламтордан

Нұрлан Қоянбаев осыдан 4 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты "Түнгі студия" бағдарламасына шақырып, сұхбаттасты. Сол кездегі ел президентін ойын-сауықтық бағдарламадан көрген жұрттың қатты таңырқағаны рас. Қоянбаев Назарбаевты қалай көндіргенін Бейбіт Әлібековке берген сұхбатында айтып берді.

Алматы, NEGE. Бір кездері "Түнгі студия" - үлкен сұранысқа ие, халықтың сүйікті бағдарламасы болды. Елдің жүрегіне жол тапқан Қоянбаев мұның сырын ашты. Ол елге еңбегі сіңген азаматтарды бөліп-жармай түгел шақыруға тырысқанын айтты. 

"Диванның абыройын көтеру – менің мақсатым болды. Жақсы контент шықты, себебі қандай да бір іс атқарған адамдардың бәрін шақырдым. Өзіме ұнайтын, ұнамайтын деп бөлмедім. Басқа арна жүргізушілерін де шақырдым. Негізі олай жасамайды. 

Бірақ мен оны халықтың диваны деп көрдім. Ақыр соңында барлығы келсе, президент те келуі керек қой деп ойладым. Басшылыққа айтқанда, бәрі күлді. Мән бермеді. Қарапайым КВНщиктің бағдарламасына келу – президенттің имиджіне де жақсы. Жалғыз түсінген адам – Ақпарат және байланыс министрі болды.

"Керемет идея, супер" деп, Елбасымен келістіріп берді. Мен Тайландта жүргенде хабарласып, айтты", – деген Қоянбаев бұл жаңалыққа өзі де таңғалғанын жасырмады.

Алайда Нұрлан мырза бағдарлама үшін барын салып жүрген шақта, еңбегін лайықты бағаламаған Ұлттық арна басшылығына реніші барын айтып қалды. 

"Президент менің бағдарламама келеді, мен осы арнада жұмыс істеймін. Мен Тайландтан келемін, ертең бізде президентпен эфир. "Маған бизнес-кластан орын алып бересіздер ме? Эконом бітіп қалыпты. Болмаса ертең тақалған уақытта ғана келе аламын" – десем: "Ала алмаймыз. Керек болса, өзің ал", – деді. Сол кезде қайтарымы жоқ екенін түсіндім. 

Ол менің де бағдарламам емес қой. Неліктен сол билетті алып бере салмасқа? Соның сөз болғанының өзі маған ұнамай қалды. Әйтпесе, мейлі ала саламын, шешемін", –дейді Нұрлан Қоянбаев.

Нұрлан Тайландтан ұшып келіп, сұхбатты өткізгеннен кейін, телеарнадан кету туралы ойлана бастағанын айтады. 

"Біз де адамбыз, кейде өз отбасымызға энергиямыз жетпейді. Сен жұмыста жүргенде, балаң өсіп қалған. Ал жұмысқа келсең, қайтарымы жоқ. Айлығың да кішкентай, қолдамайды. Мен онда кеттім деп ойлайсың. Ал негізі кетпеуім керек еді. Ресейдің бірінші арнасында 70-80-ге келген аталарымыз отырады. Ал бізде телеарнада тек қана жастар. Неге? Өйткені олар көп сөз айтпайды, қарсы шықпайды. Соларды қалдыра береді", – деді Қоянбаев.