16 Желтоқсан 20:52

Мұғалімдер баспаналы болды

Фото:

Тәуелсіздік күні қарсаңында білім беру саласының қызметкерлеріне баспана кілті табыс етілді.

Алматы, NEGE. Тәуелсіздік күні білім беру саласының қызметкерлеріне жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім болды.

18 жылдық тәжірибесі бар оқытушы, көпбалалы ана Лаура Өтепбергенова да енді Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа пәтердің иесі атанды.

«Мұғалімдер мен оқытушыларды ұмытпағандары үшін алғыс айтамын. Біз бұл күнді асыға күттік. Пәтер өте жылы, ыңғайлы», - деді оқытушы Лаура Өтепбергенова.

Үш баланың анасы Бағила Ыдырысова да елордадағы жаңа пәтердің кілтін алды. Пәтердің кілтін тапсыратыны туралы хабарлаған кезде қатты қуанғанын жасырмады.

Педагогтар тұрғын үйді «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы және Білім және ғылым министрлігі мен «Қазақстан Ипотекалық Компания» АҚ арасындағы меморандум аясында алды.

«Бүгін еліміздің ең басты мерекесі –Тәуелсіздік күні біздің педагогтарымыз жаңа пәтерлердің кілттерін алуда. Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Қарағанды қалаларында да шамамен екі жүзден астам педагог пәтерге ие болды. Біз осы мереке күні әріптестеріміздің жаңа пәтерлерге орналасқанына өте қуаныштымыз. Әрине, енді біздің әріптестеріміз тұрғын үй мәселелеріне алаңдамайтын болады. Бұл – баршамыз үшін үлкен қуаныш», - деді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова

Тегтер: