Министр мораторий енгізілгенге дейін жекеменшікке берілген жерлер туралы айтты

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мораторий енгізілгенге дейін жекеменшікке берілген жерлердің көбісі оңтүстік өңірлерде қамтылғанын айтты.
Алматы, NEGE. «Қазіргі уақытта ресми деректерге сүйенетін болсақ, 1 млн 472 мың гектар жер (ауыл шаруашылығы мақсатындағы) жекеменшікте. Сондықтан осы бағытта қанша субъекті бар», - деп сұрады депутат Геннадий Шиповских Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бұл жерлер мораторий енгізілгенге дейін берілгенін еске салды.
«Өзіңіз айтып өттіңіз, 1,5 млн-ға жуық жер жекеменшікте, олардың барлығы мораторий енгізілгенге дейін алынған. Санына тоқталсақ, бүгінде олар - 128, яғни заңды әрі жеке тұлғалар бар. Олардың басым бөлігі оңтүстік облыстарда алынған. Ол жерде жайылым жерлер де, егістік те бар. Негізі, олар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін шикізат өндіру бағытында жұмыс істеп жатқандар. Қазіргі кезде олардың барлығын әкімдіктер, ғарыштық мониторинг арқылы бақылауда ұстап отырмыз», - деді министр.