5 Ақпан 20:07

Министр Алматы экологиясына байланысты мәлімдеме жасады

Фото:
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алматыдағы ауаның ластануы туралы әлеуметтік желілердегі қызу пікірталасқа қатысты

мәлімдеме жасады. Министр қала экологиясын жақсарту үшін қандай шаралар қолданылатынын айтты.

Желі қолданушылар әлеуметтік желіде Алматының лас ауасы туралы қызу талқы жасаған. Қала басшылығына шұғыл шара қолдануды сұрап он мыңнан астам алматылық қол қойған петиция да жөнелтілген.

Осы оқиғаға байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өзінің Twitter парақшасында жазба қалдырып, қала ауасын бұзып тұрған ТЭЦ-2 қазандығын жаңғырту жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

«Президент тапсырмасына орай, атмосфералық ауаны жақсарту жөніндегі шаралардың бірі ретінде Алматыда техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу басталды, оның аясында екі нұсқа қарастырылып жатыр – ТЭЦ-2 қазандығын газға ауыстыру немесе сүзгілер орнату. Негіздеме әзірлеу жұмысы осы жылдың сәуір айында аяқталады. Сосын жобаның барлық егжей-тегжейлері, құны, техникалық сипаттамалары, ауаға шығаратын қалдығын азайту және басқа да мәселелерді жұртшылыққа жария ететін боламыз», – деп жазды министр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі бөлімінің қызметкерлері зерттеу жүргізіп, ауада азот диоксиді, күкірт диоксиді, көмірсутек, көміртегі оксиді, күйе және азот оксидінің көрсеткіш деңгейі асып кеткенін анықтаған.

Алматы ауасында кездесетін зиянды заттардың көп мөлшері қаланың барлық аудандарынан табылған.

Тегтер: