28 Сәуір 14:26

Маңғыстау облысында НЕГЕ браконьерлік көп тіркеледі?

Фото:

Елімізде соңғы жылдары броконьерлік дерегі көбейіп кеткен. Бәлкім, оған карантин шектеулері әсер етті ме, әйтеуір заңсыз іспен қолын былғаушылар қатары артып отыр. Мәселен, 2020 жылы жарты жылда небәрі 39 факті тіркелсе, 2019 жылдың алғашқы жарты жылында 25 дерек бойынша іс қозғалған. Ал қазір бұл көрсеткіш күрт өскені байқалады.

Кеше Маңғыстау облысында өнеркәсіптік тоңазытқыштарда үш тонна бекіре тұқымдас балық сақталған браконьерлер қоймасы анықталғаны хабарланған еді. ҰҚК қызметкерлері факт бойынша соталды тергеу басталғанын хабарлап, қызыл балықты заңсыз аулауға қатысы бар адамдарды іздестіру және анықтау бойынша жұмысқа кіріскенін мәлім еткен.

Nege.kz тілшісі мән-жайды анықтау үшін Маңғыстау облыстық Полиция департаментіне хабарласты.

«23 сәуір күні Түпқараған аудандық полиция бөлімінің кезекші пультіне Форт-Шевченко қаласында жекеменшік үйде бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сақтау дерегі туралы хабарлама келіп түсті. Тінту іс-шараларын жүргізу барысында жеті тоңазытқыштан жалпы салмағы 2 тонна 730 келі болатын 633 дана бекіре балығы табылды. Полиция қызметкерлері балықты тәркілеп, «Қазақосетр» ҰКП ЖШС балық фермасына тапсырды. Қазір бұл факті бойынша ҚР ҚК 339-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – дейді Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Ибатуллаева.

Маңғыстау өңірінде броконерлік дерегі көп тіркелуінің себебі түсінікті. Әрине, мұнда теңіз бар. Бірақ бұл – заңсыздыққа жол беруге себеп емес. Құзырлы органдардың қырағылығығын қажет ететін шаруа бұл.

Әлгіндегі «Маңғыстау өңірінде броконьерлік дерегі неге көп тіркеледі?» деген пікірімізге дәлел көп. Соның бірі – ақпан айының соңында маңғыстаулық браконьерлер қызыл балықты аулап, мемлекетке 45 млн теңгеден астам шығын келтірді. Заңсыз балық аулаумен айналысқан Қызылөзен аулының 3 тұрғыны Түпқараған ауданы аумағындағы теңіз жағасында қолға түсті. Браконьерлерден 60-тан астам бекіре тұқымдас балығы тәркіленіп, қылмыстық іс қозғалған еді.

Ал 26 сәуірде Маңғыстау облысындағы Қызылсай табиғи паркінің аумағында инспекторлар арқар атқан төрт қарулы адамды ұстады. Ол ол ма, мұздай қаруланғандардың қатарында екі полиция қызметкері болғаны анықталды. Осы оқиғадан кейін екеуі де жұмыстан қуылды.

Бұл тұрғыда Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Ибатуллаева: «Біздің қатарымызда мұндай қызметкерлерге орын жоқ. Бұл оқиғадан кейін 2 қызметкер де орнынан босатылды. Браконьерліктің бірде бір фактісі жазасыз қалмайды. Ал қылмыскер қарапайым адам немесе құқық қорғау органының қызметкері болуына қарамастан жазаланады», – деп жауап берді.

Броконьерлер ұсталып жатса да, қылмыс азаяр емес. Неге? Осындай оқиғаның шектен тыс көбейіп кеткеніне алаңдаған Президент Қ.Тоқаев: «Қаскөйлер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс», – деп жазған еді.

Тегтер: