24 Қаңтар 17:50

МӘМС: Президент «нашар» десе, министр «жақсы» дейді

Фото:

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегенін айтты.

«Өңірлерде МӘМС-ті нақтылау және енгізу бойынша жұмыстар нашар жүргізілді. Медициналық қызметтермен қамтамасыз етуде және олардың сапасында ілгерілеушілік жоқ», – деді президент.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов департамент тарапынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша түсіндіру жұмыстары белсенді жүріп жатқанын айтты. Президент «нашар» десе, министр «жақсы» дейді.

«1 сәуірге дейін біз бүкіл халықты толығымен қамту үшін барлығына медициналық қызметтердің жаңа түрлерін ұсынамыз және жұмысты жалғастырамыз. Бүгін біз қаржыландырудың 50%-ға өскенін байқадық», –  деген министр 1 қаңтардан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілгенін атап өтті.

«МӘМС жүйесін енгізу кезінде бірде-бір адам мемлекеттік органдардың кемшіліктеріне байланысты медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылмауы керек. Мен қазір ескертемін. Статусты анықтау және сақтандыру бойынша барлық даулы мәселелер науқастың пайдасына шешілуі керек», – деді мемлекет басшысы.

Президент «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекстің жобасы қазір мәжілісте қаралып жатқанын еске салды.

«Бұл біздің қоғамда қызу пікірталас тудырды. Сондықтан бұл құжат ашық талқыланып, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЭЫДҰ-ның барлық қолайлы ұсыныстарын ескеруі керек», – деді Тоқаев.

Жаңа жүйеге байланысты тілшіміз сала маманына хабарласып, пікірін білді.

Манат Сейдуманов, 1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері:

Жаңа жүйенің аты – жаңа жүйе

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі дер кезінде енгізілді. Біздің халықтың писхологиясы – қаралауға құмар. Негізінен мамандар алдын ала түсіндірді. Әрине, жаңа жүйе енгенде жұрттың дабыра көтеретіні сөзсіз. Бұл жүйе медицинаны түбімен өзгертіп, міндетті түрде сапасын көтеруі керек. Сол үшін жасалып жатқан дүние. Әрі кетсе екі-үш жылда халық нәтижесін көреді.

Тегтер: