23 Қараша 17:44

Максим Споткай: Ассамблея – бейбітшілікті сақтайтын институт

Фото:

Қазақтың қасиетті қара жері жүздеген этносқа пана бола білді. Ұлттай ұйысқан этностардың басын біріктіріп, бір мүддені жүзеге асыруында Ассамблеяның зор еңбегі жатыр. Бүгінгі еліміздің татулығы мен тұрақтылығының ең басты кепілі десе де болады. Тұрақтылық пен келісімді әр мемлекет өзінше түсінеді. Десе де, Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей пішінін қалыптастыруда Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) айрықша рөл атқарады. Ассамблея мүшелері ортақ мүдде тұрғысында не ойлайды? Қазақстанның болашағын қай қырынан көреді?

Nege.kz порталының тілшілеріне Қазақстан халқы ассамблеясының белсенді мүшесі Максим Споткай сұхбат беріп, өз ойымен бөліскен болатын. 

– Максим мырза, қазақ тілін жетік меңгеруңізге не түрткі болды? Жалпы басқа ұлт өкілдері үшін қазақ тілін меңгеру қаншалықты қиын?

– Мен қазақ тілін мектеп қабырғасында жүріп оқыдым. Қарапайым мектеп оқушысы ретінде, бізде 1-сыныптан бастап қазақ тілі мектеп бағдарламасында болды. Қазіргі кезде тіл үйренемін деген адам үшін кедергі, не болмаса үлкен мәселе жоқ. Кітап керек десеңіз, кітап та өте көп. Тіл қалыптастыратын ортаны да табуға болады. Кез келген жерде қазақша сөйлейтін қызметкерлер бар. Олармен де күрделі емес, қарапайым тілмен сөйлесуге болады. Меніңше, кез келген қазақстандық азаматтың достарының ортасында қазақша білетін адам бар. Сондықтан, осындай мүмкіндіктерді пайдалану керек. Меніңше, тіл тек қана партада отырып, күн-түн демей оқулық кеміру емес. Тіл үйрену дегеніміз – күнделікті тұрмыста тілді қолданыстан шығармау. Қазақ тілін білетін адамдармен күн сайын қарым-қатынас жасауға да болады. Сол арқылы тәжірибе жинақталады.

– «Қазақ тілі туралы арнайы жоба әзірлеу керек» депсіз? Ол жоба қандай болу керек?

– Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының  қолдауымен Ұлттық жобалардың тізімі бекітілді. Соның ішінде «Рухани жаңғыру» бойынша да бір арнайы жоба бар. Оның ішінде қазақ тілін қолдау бойынша бірқатар маңызды шешімдер қарастырылған. Мен айтқан «Қазақ тілі» жобасы бұл қазақ тілін қолдау үшін, қазақ тілінің ауқымын кеңейту үшін керек. Біз жүйелі түрде маңызды стратегиялық шешімдерді қабылдауымыз керек деген ойдамын. Мысалы, қазақ тілінің ауқымын кеңейту үшін әліпбиден бастауымыз керектігі түсінікті. Қазіргі таңда реформа жүргізіліп жатыр. Енді тезірек әліпби мен ережелер бекітілсе, жетіп жатыр.

Одан кейін әр аймақта тегін оқытылатын орталықтар керек. Ол қазіргі кезде Ассамблеяның жанындағы Достық үйлері негізінде жасақталған. Әрбір Достық үйінде сондай орталықтар бар. Олардың санын арттыру керек деген ойдамын. Орталықтарды ашу, одан кейін жастар арасында арнайы шараларды өткізу керек. Осылай еткен жағдайда, бұл жоба нақты нәтижелі болмақ.

Біз мемлекеттік тапсырыспен қаншама кітап шығарып, ағылшын тіліндегі қаншама кітапты қазақ тіліне аударамыз. Жүйелі түрде осындай бастамалардың, ұсыныстардың бәрін жинап, жүйелі түрде бекітіп, осы жоспар бойынша алдағы жылдың ішінде жұмыс істейтін боламыз. Бірақ, бұл жоба тек қана мемлекеттік бағдарлама ғана емес, қоғам үшін үлкен стратегиялық жоба болуы керек. Оны іске асыру үшін бәріміз бірдей күш салуымыз керек деген ойдамын. Себебі, мемлекеттік тілдің деңгейін көтеру бұл тек қана мемлекеттің ғана мақсаты емес, бұл жалпы ұлттық мақсат. Бүкіл қоғам, бүкіл халықтың мақсат-мүддесі деген ойдамын.

– 2015 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының XXII Сессиясында өзіңіздің шыққан тегіңізді айтқан едіңіз. Отбасыңыз туралы айтып бересіз бе? Олардың тілге деген көзқарасы қандай?

– Шынымен, әкем – мордвин, нағашыларым жақтан орыстар да, украиндер де, беларустар да бар. Сондықтан көпэтносты отбасыдан шыққанмын. Тілге деген көзқарасыма келгенде барлығы мені қолдайды. Әрине, кеңес кезіндегі мектепте оқығандықтан енді үйреніп жатыр. Бала кездерінде, әлбетте үйренген жоқ. Олар Ақсу қаласында тұрады. Нағашыларымның көбі Ақсу электро станциясында жұмыс істейді.

– Қазақстан халқы ассамблеясы туралы ойыңызды білсек. Ассамблеяның негізгі артықшылықтары қандай?

– Қазір Қазақстан халқы ассамблеясының реформасы жүргізіліп жатыр. Дәл қазір бұл ұйым – қоғамдық келісімді, бейбітшілікті сақтайтын институт. Сондықтан, алдағы уақытта осы институттың күшін жүз пайыз пайдалануымыз керек. Яғни, әлеуеті өте көп, ғылыми-сараптамалық тобы да бар. Ассамблеяның жанында жастар қанаты жасақталған. Жастар қанатына бүкіл Республикадан түрлі этно-мәдени орталықтардың жастары кіреді. Бұл – үлкен күш. Одан басқа Достық үйлері бар екендігін жоғарыда айтып кеттім. Оның үлкен инфрақұрылымы жұмыс істейді. Достық үйлерінің негізінде мен атап өткендей, қазақ тілі оқытылатын орталықтар жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек аналар кеңесі бар. Ол жерде балалардың, жаңа ұрпақтың  тәрбиесімен айналысады, арнайы шараларды өткізеді. Сондықтан, әлеуеті өте күшті деп айтуға толық негіз бар.

Осындай артықшылықтары мен мүмкіндіктерін толық пайдалануымыз керек. Реформа бойынша өткен Қазақстан халқы ассамблеясының кеңесінде, ассамблеяның төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нақты міндеттерді қойды. Енді сол міндеттерді жүзеге асырсақ, ассамблеяның күші өте мықты болады деп сенемін. Себебі, дәл қазір де ассамблея тек этникалық топтардың мүддесін қорғайтын институт ғана емес, бұл ең алдымен қазақ елінің намысы мен мүддесі үшін жұмыс істейтін институт деп қарағанымыз жөн. Аталған мақсаттардың барлығы маңызды, алдағы уақытта Ассамблея осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін жұмыс істейді деп сенемін.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз, алдағы уақытта қандай тың жаңалықтар болады?

– Ассамблеяның мүшесі ретінде алдағы уақытта жаңа реформаларды іске асыруымыз керек. Мақсатым көп. Бірақ соның ішінде бір мақсатым, ол – қазақ тіліне байланысты. Қазақстан халқы жүз пайыз қазақша сөйлеуі керек деген ортақ мақсатымыз бар. Соны жүзеге асыру үшін алдағы уақытта аянбай жұмыс істеймін. Жастармен де жұмыс істеуді қолға алмақшымыз. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: