19 Наурыз 16:21

«Құрсаудағы» Алматы. Фоторепортаж

Фото:

Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 19 наурызда елімізде коронавирус індетінің өршуіне байланысты төтенше жағдай жарияланғаны жұрт есінде. Ал 22 наурыз түнгі сағат 00:00-де Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары толығымен жабылған еді. 

Халықаралық ұшақ, көлік қатынасы да тоқтаған. Барлық блок-посттар қатаң күзетіліп, қалаға кіріп-шығатын көлік жүрісі сап тыйылды. Адам көп жиналатын саябақтар, жағалаулар, ойын алаңдары жабылып, қала көшелерінде күн сайын белгіленген тәртіпке сай дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

Алматы қаласына тиіп тұрған облыс тұрғындары айлап кіре алмай қалды. Себебі, карантин аяқталғанға дейін ірі екі қаладан ешкім шықпады, ешкім кірмеді.

Әрбір қонағын құшақ жая қарсы алатын Алматының есігі індеттің беті қайтқанға дейін тарс жабық болды. Қала әкімдігі тұрғындарды карантин талаптарын орындап, мейлінше үйден шықпауға шақырды. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 473 бабына (қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын адамдардың заңды талабына бағынбау) сәйкес және 476-бапқа (Төтенше жағдай режимін бұзу) сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды. 

Ол ол ма, қала аумағындағы барлық мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды. Полицейлер көшеде себепсіз серуендегендер мен босқа жүрген көліктерді тоқтатып, ереже бойынша ескерту жасады.

Қызмет істейтін азаматтар жұмыс орнынан берілген анықтама арқылы жүрді. Оның өзі барлық мекемеге бірдей берілген жоқ. Күшейтілген режим бойынша тек ең қажетті мекеме қызметкерлері ғана жұмыс істей алды. Ал төтенше жағдайдың режимін қасақана бұзған автокөлік иелері еліміздің әкімшілік кодексінің 785-бабына сәйкес айыппұл тұрағына жөнелтілді.

Қала тұрғындары тек тағам, азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін, сондай-ақ төтенше жағдайда шұғыл медициналық көмекке жүгіну үшін ғана көшеге шыға алды. Ал қарт адамдардың сыртта жүруіне мүлдем тыйым салынды. Карантин кезінде қараусыз ойнап жүрген балалар үшін ата-аналары айыппұл төлеуіне тура келді.

Сыртта тұрғындардың топтасып жүруіне тыйым салынды. Сонымен қатар, үй жануарларын серуендетуге алып шыққандар да айыппұл арқалады. Егер бұл талаптар ескерілмесе, құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 473-бабына (қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын адамдардың заңды талабына бағынбау) сәйкес және 476-бапқа (төтенше жағдай режимін бұзу) сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.

 

 

Дәріханаға келген тұрғындар белгілі бір ара-қашықтықты сақтай отырып, кезекке тұрса, дүкендер мен супермаркеттерге маскасыз келген адамдарға есік жабық болды. Сонымен қатар азық-түлік, дәрі-дәрмектер пен қажетті заттарды сатып алу таңертеңгі 9:00-ден түнгі 22:00-ге дейін ғана мүмкін екені қатаң ескертілді.  

Есесіне, Алматы қаласы бір айдың ішінде өзгеріп сала берді.

Бүкіләлемдік ластану индексі бойынша Алматы көш бастап тұрған қалалардың қатарына енген. Коронавирус пандемиясына байланысты 45 күннен бері карантинге жабылған қаланың ауасы кәдімгідей тазарған. Казгидромет мамандары ауа сапасының 3%-ға жақсарғанын айтты.

Осылайша, еліміз төтенше жағдай мен карантин режимнің арқасында індетті біршама жеңілдеткендей болған. Алайда, вирустың арамыздан әзірге кететін түрі жоқ. Қазір карантиндік шектеулер қайта күшейтіліп жатыр.

Тегтер: