17 Маусым 21:22

«Кублей» жылына 20 мың тонна ет өндіре алады

Фото:

Оралдық «Кублей» кәсіпорны жүзден астам өнім түрлерін шығарып келеді.

Алматы, NEGE. БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мәлім еткеніндей, «Кублей» ЖШС 1992 жылғы қарашада ет қалбырларын өндіретін кәсіпорын ретінде құрылған болатын.

Қазіргі таңда Талғат Берекешев басшылық ететін кәсіпорын ауысымына 150 мыңнан астам жоғары сапалы ет қалбырларын шығарады. Өнім түрлері 100-ден асады. Соның ішінде ет қалбырлары, ет пен өсімдік қалбырлары мен деликатестер, сондай-ақ теңіз және өзен балығынан жасалған өнім түрлері мол.

2012 жылдан бері көкөніс қалбырларын өндіру жолға қойылды. Күні бүгін ауысымына 75 мың ет, 37500 балық, 37500 көкөніс қалбыры шығарылады.

2018 жылдан бері концентрлендірілген сүтті де өндіретін кәсіпорын БҰҰ бағдарламалары аясында гуманитарлық көмек беретін өнім жеткізуші ретінде тіркелген.

Бұл «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігінің қолдауы арқасында мүмкін болып отыр. СТ РК ИСО 9001-2001 және СТ РК 22000-2006 (HACCP) сапа менеджменті жүйесі енгізілген кәсіпорында 500 қызметкер жұмыс істейді.

Оралға қарасты Рыбцех ауданында алты гектардай жерді алып жатқан «Кублей» ЖШС ет өңдеу кешенінің жалпы қуаты жылына 20 мың тонна ет өндіруге есептелген. Мал сою (ауысымына 250 бас ірі қара, 1 мыңдай қой союға болады) және ет өңдеу цехтары толықтай автоматтандырылған, онда жоғары сапалы еуропалық жабдықтар орнатылған.

Ал қазіргі заманғы технологияға сәйкес түрлі температуралы режимдегі 10 тоңазытқышта жылына 3 мың тоннаға дейін етті сақтауға болады. Бүгінде республикада танымал кәсіпорынға айналған «Кублей» ЖШС-ына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді.

Айталық, соңғы үш жылда «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу» бюджеттік бағдарламасы аясында 166,7 млн теңге төленді. Кәсіпорын өткен жылы 17,5 млрд теңгеге 17177 тонна қалбыр өнімін жөнелткен болатын.

Биылғы төрт айдағы өнім көлемі 4877 тонна (5,7 млрд теңге) қалбыр өнімін құрады.

Тегтер: