29 Маусым 11:28

ҚР БҒМ әліппенің оқулық әдістемесін жаңа оқу жылында ұсынуға дайын

Фото:

 Әліппе оралды. 5 жылдан соң мектеп оқушылары әліппемен қайта қауышатын болды. Білім және ғылым министрлігі оқулық әдістемесін жаңа оқу жылында ұсынуға дайын. 

Алматы, NEGE. Ғалымдар кітапты саралап, әліппенің нақты нұсқасын белгіледі. Бес баспадан әліппенің нұсқалары түсті. Олар жаңа дайындалған оқу бағдарламасына сәйкес әзірленді. Бұл бағдарламада әліппенің әріпке дейінгі, әріптен кейінгі ұлы ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әдістемесіне негізделген. Оңайдан қиынға бағытталғанын, яғни, дыбыс, әріп, буын одан кейін сөз, сөйлем құрауға біздің бүлдіршіндер үйренетін болады.

Қазір «Балаңызды мектепке дайындаймыз», «Балаңыз хат танысын» деген хабарландырудан көз сүрінеді. Мұндай жарнаманы кез келген жерден көресің. Ондай орталыққа бара қалсаң болды, әліпбиді жаттатып, балаңыз тақылдап шығады. Тек бағасын әркімнің қалтасы көтере бермейді. Әліппенің енгізілетінін естімеген ата-ана баласын мектепке дайындаймыз деп, осындай орталыққа сүйреп әлек.

Мамандардың айтуынша, жаңа бағдарлама бұрынғыдан едәуір жеңілдеген. Мұнда балалардың бірінші қаріп тануына көңіл бөлінеді. Сондықтан әліппемен мектепте танысқаны жөн. Алайда, ұстаздар «бүлдіршіннің мектепке тап-тұйнақтай дайын болып баруы керек», - дейді.

Былтыр қашықтан оқытуға қарамастан, әліппе еліміздің 65 мектебінде пилоттық жоба ретінде өткізілді. Оқулық, сынақтан сүрінбей өткендіктен арнайы комиссияға 5 баспа өз нұсқасын ұсынды. Талапқа сай деген баспа таңдалып, қазір кітаптарды басуға кірісіп кеткен. Оқулықтар тамыздың ортасына дейін дайындалып, мектептерге жіберіледі. Айта кетейік, бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасымен танысса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды. 

Тегтер: