20 Желтоқсан 14:59

Коронавирустың бала ағзасына қандай зияны бар?

Фото:

Расында да бүгінгі күні бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатқан коронавирус инфекциясы ересектерге қарағанда балаларда біршама жеңілдеу өтетіндігі белгілі. Алайда, осынау бір дерекке қарап балалардың денсаулығына салғырт қарауға мүлдем болмайды. Өйткені, бұл індет балаларда жеңіл өткенімен, уақыт өте келе ағзаға тигізер салдары өте ауыр болатындығы да нақтыланып отыр.

Алматы, NEGE. Мәселен, The Lancet журналында жарияланған медициналық шолуға қарағанда, COVID-19-бен байланысты деп саналатын балалардағы мультижүйелі қабыну синдромы (MIS-C) жүрекке айтарлықтай зақым келтіруі мүмкін. Оның салдарынан кейбір балалар өмір бойы дәрігердің бақылауында болып, тіпті операцияға алып келуі де ықтимал. Joe R. and Teresa Lozano Long School of Medicine медицина мектебі педиатрия кафедрасының ассистенті, неонатолог, Сан-Антониодағы Техас университеті Медицина институтының магистрі доктор Альваро Морейроның айтуынша, мультижүйелі қабыну синдромы коронавирус инфекциясы симптомсыз өткеннен кейін 3 немесе 4 аптадан кейін пайда болады.

«Мәліметтерге сәйкес, жоғары тыныс алу жолдарында COVID-19-дың классикалық белгілері байқалмаған балаларда мультижүйелі қабыну синдромы дамуы мүмкін. Бұл – қорқатындай жайт. Балаларда аурудың ешқандай белгілері болмауы ықтимал. Тіпті ауырып жүргенін де білмей қалады. Бірақ, бірнеше аптадан кейін қабыну өрши түсуі мүмкін», - деді Альваро Морейро.

Балаларда COVID-19 көбінесе жеңіл формада өтетіндігін Қазақстанның да медицина мамандары айтады. Алайда, бала емделгеннен кейін де вирустың салдары болатындығын ескертеді. Мәселен, Астана медицина университеті балалар инфекциялық аурулары кафедрасының доценті, PhD докторы, дәрігер-инфекционист Баян Тұрдалинаның айтуынша, мультижүйелі қабыну синдромымен түскен көптеген ауру балаларда SARS-CoV-2-ге полимеразды тізбекті реакция теріс нәтиже көрсетіп отыр. Бірақ антиденелерге тексергенде оң нәтиже көрсетеді. Бұл факт MIS-C жедел инфекция өткеннен кейін пайда болатын иммундық дисрегуляциямен байланысты деген гипотезаға сәйкес келеді.

«Мультижүйелі қабыну синдромы кезіндегі негізгі және барлық балаларда кездесетін клиникалық симптом - ұзақтығы орташа алғанда бес күнге дейін созылатын тұрақты қызба. Сонымен қатар асқазан-ішек жолдарының зақымдану белгілері (іштің ауыруы, құсу, диарея), бөртпе, конъюнктивит, шырышты қабықтың зақымдануы сынды симптомдар жиі кездеседі. Нейрокогнитивті белгілер (бас ауруы, тежелу, шатасу), тыныс алудың қиындау белгілері, тамақ ауруы, миалгия (бұлшықет ауруы), аяқ-қолдардың ісінуі, лимфаденопатия (лимфа түйіндерінің ұлғаюы) сынды белгілер сирек болса да кездесіп жатады. Сондықтан өз балаларыңызда жоғарыда аталған белгілерді байқасаңыздар міндетті түрде кәсіби мамандардың көмегіне жүгінулеріңізді сұраймыз. Дер кезінде ауруханаға жатқызу және медициналық көмек мультижүйелі қабыну синдромының асқынуларын алдын алып, балаларыңыздың сау болуын қамтамасыз етеді», - деді Баян Тұрдалина.

Алматы қалалық балалар клиникалық ауруханасының гематология бөлімінің меңгерушісі Ұлжалғас Өскенбаева балаларда кездесетін COVID-19 ұқсайтын көпжүйелі қабыну синдромы осы жылдың сәуір айында пайда болғанын алға тартады.

«Кавасаки синдромы сәуір айында пайда болды. Бұл балалардың иммундық жүйесінің қабынуынан болған. Кавасаки синдромы - бұл тамырға әсер ететін жүйелік ауру. Әсіресе, орташа және кіші диаметрлі артерияларға әсер етеді. Негізінде кавасаки синдромы кішкентай балаларда жиі кездеседі. Алайда аракідік ересектерде де байқалады. Аурудың этиологиясы вирустар, генетикалық бейімділік және аутоиммундық механизм. Десекте, бұл аурудың патогенезі толық зерттелмеген. Оның белгілеріне келер болсақ, дене қызуының көтерілуі, жөтел, қан қысымының төмендеуі, ішек ауруы, аяқ-қол ісінуі мүмкін, тыныс алу қиындайды, жүрек соғуы жиілейді»,– дейді Ұлжалғас Өскенбаева.

Ал Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының пульмонолог дәрігері Татьяна Маршалкина коронавирус балалар үшін өте қауіпті екендігіне назар аудартады. Балада созылмалы немесе басқада инфекциялық ауру болса, онда КВИ ауыр түрде өтуі мүмкін екендігін ескертеді.

«Коронавирус инфекциясы - бұл жедел респираторлық вирустық инфекция және оған тән ерекше симптом жоқ. СOVID-19-дың ең жиі тараған белгілеріне дене қызуының жоғарылауы, құрғақ жөтел және шаршағыштық жатады. Сирек белгілеріне буын мен бұлшықеттердегі ауру сезімі, мұрынның бітуі, бас ауруы, конъюнктивит, тамақтың ауруы, диарея, иіс және дәм сезудің жоғалуы, саусақтар мен бармақтар терісінің түсінің өзгеруі мен бөртпелерді жатқызуға болады. Бұл белгілер көбіне ересек адамдарда кездеседі. Балалардың жоғарғы тыныс жолдарына әсер етеді - бұл мұрын, ауыз және тамақ. Сондықтан көбінесе суық тию белгілеріне ұқсас келеді. Балаларда иіс пен дәм сезбеу сирек кездеседі», - деді ол.

Тегтер: