13 Мамыр 16:16

Коронавирус әкімді қызметінен кетірді

Фото:

Маңғыстау облысында коронавирустың өршуінен әкім қызметінен шеттетілген

Алматы, NEGE. Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылында он күннің ішінде 23 жағдай анықталып отыр. Індет алдымен көп адамды жиып, ас берген үйден шыққан. Кейіннен сол жиында болған біраз адамға жұққаны белгілі болды. Аядай ауылда карантин ережесін сақтауды қамтамасыз етпегені үшін облыс басшысының шешімімен ауыл әкімі жұмыстан шеттетілді. Ал аудан әкіміне сөгіс жарияланды. Қазір ауылға кіре беріс тұсқа блокпостар қойылып, күзет күшейтілген.
Бейнеу және Қарақия аудандары COVID-19 жұқтырған науқастары бойынша көш бастап тұр, коронавирус 129 тұрғыннан табылған, Маңғыстау облысындағы карантин 25 мамырға дейін ұзартылды.
«Инфекцияға қарсы стационарлық мекемелерде 112 науқас жатыр. Олардың арасында бір жүкті әйел мен 28 бала бар. Бүгінгі таңда үш науқастың жағдайы тұрақты ауыр, 26 науқас - орташа ауыр жағдайда. 16 науқас осы уақыт ішінде үйлеріне шығарылған. Тағы 10 науқас шығарылады деп күтілуде», - деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева.

Тегтер: