15 Желтоқсан 16:48

Коронавирус ағзаға қалай әсер етеді?

Фото:

«Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, дәлелді медицина сарапшысы Рафаиль Қыпшақбаев COVID-19 вирусының ағзаға қалай әсер ететінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы. NEGE. «Тәжірибе көрсеткендей, коронавирус инфекциясын қайта жұқтыру жағдайы алдыңғымен салыстырғанда анағұрлым жеңіл өтеді. Адам бойындағы антиденелер деңгейі төмендейді, бірақ тоғыспалы иммунитет сақталады. Бұл жағдайда барлығына вирус жұғады. Үшіншіден, мутацияланған вирус жасырақ адамдарға да жұғуы мүмкін. Бұрын қант диабеті, артық салмақ, ілеспе ауруы барлардың қауіпті топта екені айтылса, қазір мутацияланған вирус үшін мұндай шарттылық азаяды. Коронавирусты қайта жұқтыру бұрынғыдан оңайырақ өтеді», - дейді Р. Қыпшақбаев. Сұхбат барысында дәрігер «Ковидті саусақтар» симптомының қалай пайда болатынын түсіндірді. Қараша айындағы деректер бойынша, COVID-19 жұқтырған 12 мың адамның аяғындағы үсік шалу белгілерін еске түсіретін қатты тітіркену мен қызару пайда болған. Дерматологтар бұл құбылысты «Ковидті саусақтар» деп атады. Науқастар саусақтары мен бармақтарында пайда болған қызыл және күлгін түйнектер ауыратынын, бірақ қышымайтынын айтқан. Бөртпе жазылған соң, терінің жоғарғы қабаттары түсуі мүмкін. Дәрігердің айтуынша, коронавирус нейротроптық вирус болып саналады. Ол жүйке жолдарына теріс әсерін тигізеді. Бұл жағдайда нейротрофика, зат алмасу жұмысы бұзылады деп болжауға болады. Яғни ол «Ковидті саусақтар» түрінде көрініс табады. Сонымен бірге Рафаэль Қыпшақбаев иммунитетті көтерудің және нығайтудың қарапайым әдістерін атады. «Иммунитетті көтеретін сиқырлы дәрі жоқ, иммунитет көтереді деп жарнамаланып жатқан заттар да олай жұмыс істемейді. Бұл фейк. Иммунитетті нығайтып, көтеру үшін қарапайым ережелерді ұстану жеткілікті: қалыпты және дұрыс тамақтану, дұрыс ұйқы (кем дегенде 6-8 сағат), физикалық белсенділік. Қарт адамдар көшеде ұзақ уақыт серуендесе жеткілікті, ал жастарға жүгіру қажет. Барлық қарапайым шаралар иммунитеттің кез келген инфекциялармен күресуге дайын етеді. Сиқырлы дәрі ретінде сатылатын нәрсенің бәрі – маркетинг», - дейді Рафаиль Қыпшақбаев. Бұған дейін Рафаиль Қыпшақбаев коронавирустың мутациясы мен кезекті толқынының алдын алу жөнінде сұхбат берген еді. «Коронавирус жөнінде пікір білдіру өте қиын. Бұл дегеніміз қайыры жоқ, жаңа әрі зерттелмеген іс. Біз қазір тек болжам жасай аламыз. Қолда бар деректерге сүйене отырып, қандай да бір сценарий құруға болады, бірақ ешкім нақты ештеңе айта алмайды. Сондықтан инфекция таралады деген болжам бар. Әзірге ең ықтимал болжам осы», - дейді сарапшы.

Тегтер: