15 Мамыр 21:35

Қордайдағы ғылыми институтта коронавирусқа қарсы вакцина дайындалып жатыр ма?

Фото:

 Қордайдағы биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институтында коронавирусқа қарсы вакцина әзірленуде, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Алматы, NEGE. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордайдағы жұмыс сапары барысында аудан аумағындағы биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институтына да арнайы ат басын бұрды. Коронавирус пандемиясымен күрестің қазіргі жағдайында стратегиялық режімдік объектінің жұмысы ерекше маңызға ие. Ғалымдар денсаулық сақтау және ветеринария саласындағы түрлі инфекциялармен күреске зор үлес қосып келеді, жыл сайын қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы 27 миллионнан астам екпені жеткізеді.

Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, АҚШ аурулардың алдын алу және бақылау орталығымен, Халықаралық Вена университетімен және басқа да беделді ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Зерттеу институты шетелдік аналогтармен салыстырғанда үш есе арзан болатын нодулярлық дерматитке қарсы вакцинаны әзірледі. Оны енгізу нәтижесінде республикалық бюджеттің үнемделуі екі миллиард теңгені құрады. Институт өз өнімдерін өнеркәсіптік ауқымда өндірсе, көп пайда әкелетін еді, сондықтан жылына вакциналардың 60 миллион дозасына дейін қуаттылығымен иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт салу қажеттілігі туындауда.

Аталған жоба құны - 3,5 миллиард теңге. Жаңа өндірісті іске қосу үшін қажетті жоғары білікті кадрлар, микроорганизмдердің қауіпті және аса қауіпті штаммдарының бірегей коллекциясы, ғылыми инфрақұрылым, зияткерлік меншік секілді жағдайлар жеткілікті. Сонымен қатар, ғалымдар бүгінде коронавирусқа қарсы вакцина дайындаумен айналысуда. «Қазақстан Президентінің осындай ғылыми орталықтарды қолдау туралы тапсырмасы бар. Соңғы оқиғалар халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығы мәселесін ғана емес, олардың қаншалықты маңызды екенін де көрсетті. Сіздердің жұмыстарыңыз ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосады, кез келген уақытта туындауы мүмкін әртүрлі пандемия зардаптарын азайтады. Әлем жаһандануда және қысқаруда, адамдар аурудың ешкімді аямайтынын түсінді. Бұл жағдайда Қазақстан жаһандық сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын өзіндік ғылыми орталықтардың жүйесін құруға тиіс. Облыстық билік зауыттың құрылысына міндетті түрде қолдау көрсетеді. Мәселе мұқият, жан-жақты пысықтауды талап етеді, бірақ ол міндетті түрде оң шешімін табады», - деп атап өтті облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Тегтер: