Көлік полицейі: Өрттен аман қалған отбасы алғысын айтты

31 мамыр, 17:26
Көлік полицейі: Өрттен аман қалған отбасы алғысын айтты
Фото: ғаламтордан

Қызылордалық полицей Дархан Әбдікәрімовтің ерлігін жерлестері ұмыта қойған жоқ. Ол көпқабатты үйден өрт шыққанда бір отбасының өмірін сақтап қалған еді. Алайда, өзі мұны «ерлікке балаған жоқпын» дейді. 

ҚР Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментінің Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінде қызмет атқаратын қырағы полицей Дархан Әбдікәрімов қызыл жалын құшағына оранған пәтер ішінен отбасы мүшелерін сыртқа алып шыққан.

«Күндізгі сағат 13:30 шамасында көрші үйден көмек сұраған әйелдің жанұшыра айқайлаған даусы естілді. Далаға шығып едім, көрші үйдің өртеніп жатқанын көрдім. Іле-шала жалын лапылдап жатқан үйге қарай жүгірдім. Үйдің ішінде бір  жасар баланың қалып қойғанын естіп, үстіме суық су құйдым да, бірден үйдің ішіне кіріп кеттім.  Төргі бөлмеден Айлин есімді кішкентай бір жасар қызды тауып алып, қауіпсіз жерге шығарып үлгердім», – деп еске алады Қызылорда станциясының көлік полицейі Дархан Әбдікәрімов.

Ал пәтер тұрғынының айтуынша, тілсіз жау жуынатын бөлмеден шыққан. Анасы екеуі өртті сөндіруге тырысса да, үйдің басқа бөлмелеріне қарай өршиді. Сол мезетте бойын қорқыныш билеген ол айқайлап, көмек сұрайды. Оны көршісі әрі полиция қызметкері Дархан естіп, бірден көмекке келеді. Ол түтін басқан үйдегі электр желілерін ажыратып, тез жанып, жарылып кететін қауіпті заттарды подъезге шығарады. Сөйтеді де, көршілерден су тасып беруін өтініп, өртті сөндіруге әрекет жасаған.

«Жұмыс барысында мұндай оқиға көп кездеседі. Сындарлы сәтте тосылып қалуға болмайды. Адамның өмірі бәрінен қымбат. Себебі, ол адам саған үміт артып, сеніп тұр. Сондықтан қорқуға да, ойлануға да уақыт жоқ. Ең бастысы, үй иелерінің өрттен аман-сау қалғанына қатты қуандым. Мұндай кезде менің орнымда кім болса да, солай әрекет етер еді деп ойлаймын. Оны ерлік деп санаған емеспін», – дейді Дархан Әбдікәрімов ақтарылып.

– 2004 жылдан бері Ішкі істер органында жұмыс істеп келемін. Осы салада еңбек ету бала кезден бергі арманым. Әкемнің інісі Ерлан Әбдікәрімовке қарап, бой түзедік. Сол кісінің форма киіп, халық үшін еңбек ететіні қатты ұнайтын. Өзім сүйіп таңдаған мамандығым бойынша қызмет етіп жүргеніме ризамын. Егер балаларым осы саланы таңдаймын десе, қарсы болмаймын. Халыққа қызмет көрсету, көмек беру – үлкен мәртебе.

Дархан Әбдікәрімов Сырдария ауданына қарасты С.Сейфуллин ауылында дүниеге келген. Ол өзі туып-өскен ауылдағы №137 қазақ орта мектебінде білім алып, одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қаржы және несие мамандығын тәмамдайды. Ал заңгерлік мамандықты Шымкент қаласындағы жоғары оқу орнында сырттай бітіреді. Бүгінде тәжірибелі маман ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің Қызылорда стансасындағы желілік полиция бөлімінде аға инспектор болып абыройлы қызмет атқаруда.  

«Адамның өмірін сақтап қалу – азаматтық әрі кәсіби міндетім. Осы оқиға басылған соң, өрттен аман қалған отбасы келіп, алғысын айтты. Бұдан артық қандай марапат керек?!», – дейді ол.

Әріптестері Дархан Есенгелдіұлын бейбіт күннің батырына балайды. «Арамызда осындай ісіне адал, қажет кезінде айналасындағы адамдарға қол ұшын беруге дайын тұратын, жанын арынан биік қоятын азаматтардың барын әрдайым мақтан тұтамыз, әрі олардың жарқын істерін үлгі етеміз» дейді олар.

Айта кету керек, тәртіп сақшысы ҚР ІІМ-нің және Көліктегі полиция департаменті басшылығының бірнеше мәрте «Алғыс хатымен» және арнайы төсбелгісімен марапатталды. Ал 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде Дархан Әбдікәрімовтің кеудесіне Президент Қ.Тоқаевтың өзі «Ерлігі үшін» медалін тақты.