22 Қаңтар 18:00

Көлгіновтің көліктері ескірген

Фото:

«Нағыз қысты Арқаға барсаң көресің» дейді жұрт. Қазір қыстың мінез танытатын кезі. Қар да шамадан тыс жауып жатыр. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласының көшелері қардан дер кезінде тазаланбай жатқан көрінеді. Әлде, елорда әкімі Көлгінов тиісті тапсырманы орындата алмай ма?

 21 қаңтардағы жағдайға сәйкес, қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына 1 146 техника бірлігі мен 1 689 жұмысшы жұмылдырылған болатын. Сол күні барлығы 29 268 текше метр қар сыртқа шығарылған.

 Елордада қыс басталғалы бері 2 миллион текше метрге жуық қар шығарылды. Қар шығаруға арналған 4 полигон жұмыс істейді. Бүгінде қаладағы екі полигон қарға толып, орнына басқа екі полигон ашылды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда осы жылы 46,2%-ға қар көп шығарылғанын айта кеткен жөн. Жалпы, осы уақытқа дейін 1 917 830 текше метр қар қала сыртына төгілді (159 819 рейс). Коммуналдық мекемелер қар шығару жұмыстарын 3 ауысымда күшейтілген режимде атқарса да, үлгерер емес.  Қаланы қардан тазалауға күн сайын 1 мыңнан астам техника мен 2 мыңға жуық жұмысшы шығады. Бір күнде КамАЗдар орташа есеппен 2,5 мың рейс жасайды.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов түнде әріптестерімен бірге қар тазалау жұмыстарының барысын тексеріп: «Қысқы кезеңнің басынан бастап біз 2 млн текше метрден астам қар шығардық, бұл 170.000 рейс. Қар тазалау жұмыстары елорданың коммуналдық қызметтерінің қажырлы еңбегінің арқасында атқарылып жатыр. Қазір толассыз жауып тұр. Алдымен мектептерге, медорталықтарға, балабақшаларға, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар мен көлік жолдарын, жаяу жүргіншілер жолдарын тазартамыз. Сағат түнгі бірден екіге дейін үзіліс уақыты, жұмысшылар ауысады. Коммуналдық қызметтер 3 ауысымда жұмыс істейді», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Ал қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің айтуынша, техниканың 30-40%-ы тозған.  

Тегтер: