Қымбатшылыққа табыстың өсуі себепші

Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев жылдық инфляцияны жоспарлы 4-6 пайыздық дәлізден шығармай ұстаймыз деп мәлімдеді. Оған тіпті қазанда күрт қымбаттаған азық-түлік бағасы да әсер ете қоймайтын көрінеді. «Жылдық инфляция біз күткен деңгейге сәйкес келеді. Қазан айында ақшаның құнсыздануы 5,5 пайыз болды, бұл қыркүйектегі 5,3 пайыз көрсеткіштен сәл көбірек», – деді Досаев.
Нұр-Сұлтан, NEGE. Досаев мырза «күткен», демек дайын болған қымбатшылықты біз, яғни қарапайым халық күтпеген едік. Ел ең көп тұтынатын етіңіз қазан айында 13,8 пайызға, ал нан-жарма өнімдері 14 пайызға шарықтағанда қалтамызбен қосып жүйкеміздің де жұқарғаны рас. Ол аз болғандай, көкөніс пен жеміс-жидек те қымбаттады. Бәрінің бағасы көтеріліп жатқанда түскен жалғыз нәрсе – елдің еңсесі ме дейсің. Ал бұған не себеп дегенге Досаевтың берген жауабына не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.
«Инфляцияның өсуіне себепкер шарттардың қатарына әлем нарықтарында азық-түліктің қымбаттауы мен табысы көбейген тұрғындардың сұранысының өсуі», – деп тұжырады бас банкир.
Хош делік. Әлем нарығының қазанында өзгелермен бірге қайнап жатыр екенбіз. Өзге мемлекеттерде де баға көтеріліпті. Бұл уәжбен де келісейік. Бірақ әлем нарығында, керісінше, шикізат арзандағанда ол неге бізге әсер етпейді? Ықпалын тек қымбаттағанда ғана сезетін бұл не қылған әлемдік фактор?
Досаев келтірген келесі дерек – ел табысының өсуі. Мұның алдында Статистика комитеті 2019 жылдың ІІI тоқсанында бір жұмысшының жалақысы 191 мың теңгеге жеткенін жария етті. Ал тұрғындардың жан басына шаққандағы табысы қыркүйекте 103 865 теңге болыпты. 190 мың теңге туралы естіген біраз әйел «үйге әкелетін айлығыңның қалғаны қайда?» деп күйеулерінің «екі аяғын бір етікке тығып» жатқан көрінеді. Орташа табыс пен жалақы дегеннің қалай құралатынын тұспалдап болса да түсінеміз. Елдің бәрі сондай жалақы алса, әлеуметтік желіде жұрт бұлай шуламас еді ғой...