5 Ақпан 12:43
...

Кеген ауданының шаруалары шенеуніктерге наразы

Фото:

Алматы облысының Кеген ауданында ауыл шаруашылық жерлерін шенділер өз туыстарына бөліп берген. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарла​ды.

Алматы, NEGE. Шаруалар малдарын жаятын ауыл шаруашылығы алқаптарынан айырылған. Бірі баласына енді бірі әкесіне, тіпті әйеліне учаске алып берген комиссия мүшелері де бар болып шықты. Ұсынылған 238 гектардан қарапайым тұрғындарға ұлтарақтай да жер бұйырмаған. 

Халыққа жаны ашымайтын шенділер қызметінен кетсін! Аудан тұрғындарының басты талабы осы. Байқауға жер алғысы келген барлық тұрғын қатысқан. Алайда жер комиссияның өкілдері төрт түлігі, ауыл-шаруашылық техникасы жоқ деген түрлі желеумен елдімекендерден келген шаруаларды кері қайтарып жіберген. Тұйық пен Қарқара тұрғындары не мал жаятын, не шөп шабатын жер таппай отыр. Ал гектарлап жерлерді қоршап алған кәсіпкерлер не өздері пайдаланбайды, не өзгелерге бермейді екен.

«Біреуін ауылда бас маман алды. Ол әкімшілік қызметкері. Біріншісін осы Кеген ауданының аппарат басшысы Исаев Медет деген жігіттің әкесі алды. Сендердің регламенттерің сай келмейді, техникаларың жоқ, банктен несие алмағансыңдар деген сияқты сылтаулар шығады», - дейді Тұйық ауылының тұрғыны Манап Қыдырбай. 

«Ауылымыздын жан-жағы қоршалған, үлкен-үлкен ірі фирмалар бәрін қоршап тастаған. Жер қазылып жатыр. Экологтар ешқандай жұмыс істемейді. Комиссия мүшесі Жұмаш деген азамат жерді алдын ала қоршап, дайындап, пайдаланып отыр. Бұл әділеттілік пе?», - деді Қарқара ауылының тұрғыны Азамат Нұрсатбаев.

Аудан шенділерінен әбден көңілдері қалған тұрғындар әкімдікке келіп бассыздыққа жол бергендерді жауапқа тартып, жер комиссиясының шешімінің күшін жоюды талап етті. Жеңімпаздар арасында тіпті ауданда тұрмайтын тұлғалардың бар екені анықталған. Тұрғындармен кездескен аудан әкімі жер комиссиясының шешімі жан жақты сараланатынын жеткізді. Жалпы ауданда 3027 гектар бос жатқан жер бар екен.

«Қазір комиссияның шешіміне наразылық туғаннан кейін мен уақытша комиссияның жұмысын тоқтатып қойдым. Облыстағы жер инспекциясына хат жолдадым. Олар комиссия шешімінің анық-қанығын толық тексереді. Егер заң жүзінде өткен болса, өз күшінде қалады. Егер заң бұзушылық анықталса, конкурстың күші жойылады. Алдағы уақыттарда сол жерлерді қайта конкурсқа өткізетін боламыз», - деп түсіндірді Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов.

Кеген ауданынан шыққан дау облыс әкімі Амандық Баталовқа дейін жеткен. Қазір облыстан арнайы топ құрылып, аудандық жер комиссиясының мәселесін қарамақ. Егер заңсыздық анықталатын болса, оған жол берген шенділер жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Тегтер: