31 Қаңтар 16:14

ҚазҰУ-ге қатысты қылмыстық істі қайта қозғауға Nege.kz ықпал етті

Фото:

19 желтоқсанда Nege.kz порталында «Смета сиқыры: ҚазҰУ-дың 850 миллионы қайда?» деп аталатын мақала жарияланды. Онда әл Фараби атындағы ҚазҰУ 1500 және 500 орындық жатақхана мен медициналық орталықтың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қыруар қаржы бөліп, ақырында мемлекетке 850 млн теңге зиян келгені жазылды.

Алматы, NEGE. Одан кейін ҚазҰУ олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин атындағы бассейн салғызып, онысы тесік боп шықты ("Дымқыл" іс). Дәл жанында тұрған Есентай молл сауда үйінің астына бассейннің суы кетіп жатқаны әшкереленді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҚазҰУ-да мемлекеттің 850 млн теңгесі қолды болуына қатысты қылмыстық іс қозғаған. Алайда іс 2018 жылдың 27 қыркүйегінде қысқартылған. Nege.kz порталында және «Время» газетінде жарияланған материалдардан соң сенаторлар Н.Төреғалиев, Н.Жүсіп, А.Қаппарова, Р.Әкімов Бас прокурордың атына сауал жолдап, соның негізінде Бас прокуратура қылмыстық істі қайта қозғады.

Нариман Төреғалиев, сенатор: 

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қатысты мәселені «Время» газеті мен Nege.kz порталынан оқып, таныстық. «Сонда жарияланған деректер қаншалықты шындыққа жанасады?» деген мәселеге қатысты ҚР Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдадық. «Мемлекеттен бөлінген қаражатқа  құрылыс жұмысының уақытында жүргізілмегені рас па? Бұл мәселе заңды түрде тексерілді ме?» деп сұрадық. Бас прокуратурадан келген жауапта: «Іс бойынша тартылған «Алматыгипрогор-1» ЖШС-нің маманы жұмсалған ақшаның негізділігін растап, мемлекетке шығынның жоқтығын анықтады» деген. Сондай-ақ, қылмыстық істі әрі қарай тергеу үшін Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мекемесіне жолданғаны айтылған. Мұны енді тексеру органдары анықтайды деп сенеміз. Ал біз бұл істің немен біткенін қаперде ұстап, қорытындысын күтеміз. Біздегі мақсат – мемлекет қаржысының дұрыс мақсатқа жұмсалуы. 

Айтпақшы, ҚазҰУ ректоры ауыр-ауыр емен есіктерді жиі ашып, қылмыстық істі сотқа жеткізбеуге барын салғанын, осы мәселені көтерген басылымға әлдекімдер арқылы «бұйымтай» айтқызғанын құлағымыз шалған. Бірақ, қоғамдық пікір бәрібір жеңді.

Тегтер: