15 Желтоқсан 16:57

ҚазККА басшылығы өзбекстандық студенттерді НЕГЕ сенделтіп қойды?

Фото:
Nege.kz порталы

«Тынышпаев атындағы академияның НЕГЕ тынышы кетті?» атты мақала жариялап, бас лицензиясынан айрылған Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы (ҚазККА) төңірегіндегі дау туралы тарқатып жазған еді.

Тіпті, Өзбекстандағы өкілдік академия басшылығының өтінішімен 2 мыңдай студентті оқу орнына тартқаны, ал академия оқуға түсушілерге таратқан брошюраларға оқу орнында жоқ «Туризм», «Дене шынықтыру» сияқты факультеттерді жазып қойғаны айтылды. 

«Ең сорақысы, Қазақстанда сырттай оқу жүйесі 2018 жылы желтоқсаннан алынып тасталса да, 2019 жылы тамызда шыққан бұйрық бойынша студенттерді сырттай оқуға қабылдаған. Қазір өзбекстандық студенттер не құжатын, не дипломын ала алмай сенделіп жүр» дейді.

Редакцияға Хорезм қаласынан көмек сұрап келген студент Дәулет Сабуров биыл бітіріп, дипломын қолына алуы тиіс екен. Алайда, оған «диплом қорғау үшін 147 мың теңге аударуың керек» деген.  

«2018-19 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы, сосын Өзбекстандағы Қазақстан жылы аталып өткен кезде оқуға түстім. Теміржолда істеген соң, 2 жылдық сырттай оқуға қабылдандым. 2019-2020 жылы оқуға бұйрық шыққан болатын. Шынымды айтсам, қандай факультетте оқитынымды да білмеймін.

Біз жаққа проректорлар, құрылтайшысы Мырзахан Салықбаев та келді. Біз оларға бала тартуға жәрдем бердік. Сол үшін мені грантқа ауыстырды. Өзімнің туыстарыма да айтып, 16 бала құжат өткізді. Олар да екі ортада сандалып қалды. Ақшаны екі есе төледі. 20, 40, 50 мыңнан әр нәрсеге төлем алып отырды. Карантин кесірінен Қазақстанға кіре алмадық.

«Диплом қорғауға 147 мың теңге сал» деді. Ташкенттегі «Отандастар» қорына арыз жаздық. Олардан да үміт болмады. Енді оқу орнына барсам, «Тағы бір жыл оқисың. 147 мың теңге мен келісімшарт бойынша қарызың бар, соны төле. Дипломды 2021 жылдың мамыр айында аласың» дейді.

Мен грантта оқысам, қалай қарыз боламын? Сосын лицензиясынан айрылған оқу орнынан дипломды қалай аламын? «Ол кезде басқа ректор болды. Одан бері екі-үш ректор ауысты. Біз білмейміз» деп шығарып салды. Мен сияқты талай студент құжатын ала алмай жүр. Тіпті, Өзбекстанға ауыстырайын десе де, көмектеспей жатыр», – дейді Өзбекстаннан келген Дәулет Сабуров.

«Екі жылдан бері оқып жүрмін» деген студенттерге оқу орны басшылығы «ешқандай базада жоқсың» депті. Өзбекстанның Навои облысынан келген оншақты бала оқу ғимаратына кіре алмай жүр екен. Екі елдің арасындағы шекарадан үш күнге әрең кірген өзбекстандық студенттер сенделіп қалған. 

Дәл осындай 68 студент құжатын ала алмай жүрген көрінеді. Студенттердің қолындағы келісімшарт пен оқу орнындағы келісімшарттың екеуі екі бөлек. Студентке берілген құжатта 258 мың теңге деп жазылса, оқу орнындағы құжатта 575 мың деп қойған. Дәл осы соманы 270 студент амалсыздан құйған. Мәселен, қашықтан оқуға түскен Рашид Жолдасов: «Менің келісім-шартымды өзгертіп, «күндізгі бөлім» деп жазып, өздері қол қойған. Сөйтіп, 258 мың теңгенің орнына «575 мың төлеуің тиіс» деп айтты» десе, ал 2019 жылы 1 қаңтарда келісім-шартқа қол қойған Байрақ Алламбергенов: «Қолымдағы құжатта 258 мың, ал оқу орнындағы құжатта 751 мың теңге деп тұр. Осы ақшаны төлесем де, оқудан шығарып жіберді. Биыл бітіруім керек еді, дипломымды бермеді. Тағы бір жыл оқисың деді» дейді жыларман күйде. Ал шекараның жабық болуы салдарынан құжатының түпнұсқасын көшірме жасап, сенімхат жазып берген балалар қайтпек?  «Өздері келсін» деп доқ көрсеткен оқу орны басшылығы барлық құжатты Өзбекстандағы өкілі Клара Садырбаеваға беруден неге сескеніп отыр? Әлде, әлгіндей жалған құжаттарды жасырып, әшкере етуге ар-ұяты жібермей тұр ма екен, кім білсін? Әйтеуір бізге құпия жайттар көп. 

Біз бұл мәселе бойынша Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне хабарластық. Министрліктің баспасөз хатшысы Гауһар Омарбекова төмендегідей жауап берді:

«Былтыр Өзбекстандағы студенттерге қатысты шу шыққан еді. Олардан ақша алып, «оқып жатыр» деп алдап, шын мәнінде заң тұрғысынан оқу орнына тіркелмеген болып шықты. Биыл тағы да осындай мәселе шығып жатса, бұл тек соттың деңгейінде ғана шешіледі. Бізге өзбекстандық студенттердің аты-жөнін көрсетіп, ресми түрде министрлікке хат жазыңыз, сонда ғана мамандар қаншалықты көмек көрсетуге болатынын айтып, істі құзырлы органдарға жібереді».  

Салтанат Әмірғалиева, ҚазККА ректоры:  

Өзбекстаннан келген студенттердің мәселесін біртіндеп шешіп жатырмыз 

– Салтанат Нұрәділқызы, бізге бірнеше өзбекстандық студент көмек сұрап келді. Олар құжатын ала алмай жүр екен. Бұдан хабардарсыз ба?

– Бізде келген студенттердің тізімі бар. Сенімхаттың түпнұсқа үлгісімен келген, Өзбекстанның университеттерінен келген сұрау хат бойынша мәселелерін біртіндеп шешіп жатырмыз. Мұның бәрі менің қатаң бақылауымда. Қазір 30-ға жуық баланың құжат мәселесі реттелу үстінде. Кейбірінің төлемақысына байланысты туындаған түйткілді де шештік. Олардың індет жайлап, карантин енгізілген кезде елге кетуіне мәжбүр болғанын ескеріп, көпшлігінің төлемақысын тоқтатып, кім ауысты, солардың транскриптін қолына бердік. Тағы біраз құжатты сенімхатпен келген Клара Құндыбайқызының қолына табыстадық.

– Биыл диплом алуы тиіс студенттерден неге 147 мың теңге талап етілді?

– Дәулет Сабуров тікелей маған жазды. Оқу ісі жөніндегі проектор Андрей Ивановқа қатаң табыс етіп, мәселесін шешіп беруін талап еттім. Студентке екі түрлі ұсыныс айтылды.

– Ол қандай ұсыныс?

– Оны білмеймін. Оған «Өзіңіз келсеңіз, құжаттарды бірге қарайық» деген. Проектордан не істегенін қазір сұраймын. Егер ақшасын төлеп, індетке байланысты оқымаса, логин мен пароль алмаса да, қосымша ақша төлемеуі керек. Бірақ «мәселеңіз шешілмесе, хабарласыңыз» деп едім, жазған жоқ. Одан кейін бәрі реттелген шығар деп ойладым. Осы бойынша тағы да проректорға тапсырма беремін. Себебі, олар маған «студенттердің мәселесі шешіліп жатыр» деген.

 Олардың айтуынша, 1-курста сабақ болған, екінші курста оқу орнынан ешкім хабарласпаған, логин де, пароль де бермеген. Бұған не дейсіз?

– Әр кафедра меңгерушісі, курстың кураторы хабарласып айтуы керек. Сіз ішкі мәселені қайдан білесіз? Мен жаңадан келдім.

– Сонымен, ҚазККА лицензиясынан біржола айрылды ма?

– Лицензиядан айрылған жоқ. Өткенде Нұр-Сұлтан қаласындағы сотта жеңілдік, Алматыдағы сот отырысы бойынша біздің пайдамызға шешілді.

Сыртқы істер министрлігі не дейді?

«Өзбекстанның азаматтарының басындағы жағдай Өзбекстан елшілігінің құзырында. Біріншіден, Білім және ғылым министрлігі жауап береді. Екінші, Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі, Өзбекстанның елшілігі әрекет етуі керек. Біздің Өзбекстан азаматтарында еш қатысымыз жоқ. Біз олардың мүддесін қорғай алмаймыз. Бізге хат жазсаңыздар да, өзбектерге жібереміз. Біз шетелдегі өзіміздің азаматтарымыздың мәселесін шешіп алайық», – деді министрліктегілер.

Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының құрылтайшысы саналатын Мырзахан Салықбаевтың да телефонына қоңырау шалдық.

– Бұл Мырзахан Әуезханұлы ма?

– Иә.

– Бізге сіздің оқу орнында оқитын өзбекстандық студенттер шағыммен келіп еді...

– Қазір ҚазККА-ға менің ешқандай қатысым жоқ. Біз бұрын теміржолшылар ретінде көмектестік. Кешіріңіз, мен Мырзахан емеспін!

25 қарашада Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бас лицензиясынан айыруға қатысты қаулыны БҒМ-нің пайдасына қабылдады. Академияның білім беру қызметіне қатысты комитет тарапынан жүргізілген тексеріс барысында анықталған бұзушылық фактілерін де сот растапты...

Тегтер: