31 Қаңтар 08:31

Қазақты 1,5 млрд теңге сақтай ала ма?

Фото:

Үкімет қорынан жұқпалы аурулардан, оның ішінде коронавирустан қорғану заттарын сатып алу мақсатында қосымша 1,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты. 

Алматы, NEGE. Қазір әлемде коронавирус тақырыбы өзекті мәселе болып тұр. Тіпті, саяси һәм экономикалық соғысты тасасында қалдырған әлеуметтік-медициналық толқу біраз елді тығырыққа тіреп тастағандай. Ем іздеп есі шыққан медицина мамандары талай миллиондарды сарп етіп жатыр. Сақтық шаралары үшін де қыруар қаржы бөлінді. Сарапшылардың дені саяси астар іздеп әлек. Енді бір топ медицинаға инвестиция құю арқылы кей бизнес өкілдерінің қалтасын толтыру шарасы деп экономиканы алға тарта бастады.

Бұл ретте, Қазақстан Үкіметі жаһандық сақтық шараларынан қалыс қалған жоқ. Күні кеше премьер-министрдің орынбасары Бердібек Машбекұлы коронавирустың алдын алуға қордан 1,5 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Findhow.org сайтының 30 қаңтар күнгі ҚР халық саны 18 млн 658 мың 155 адам деген мәліметіне сүйенсек, жан басына қанша теңгеден келетінін есептеп көріңіз. Бұл қаржының жеткілікті не жеткіліксіз екенін дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен, аталған вирус шуынан кейін республикадағы түрлі медицина препараттарының бағасы қымбаттап, таптырмай қалғаны жасырын емес. Сонда мемлекет бөлген қаржы қайда жұмсалмақ?

«Кеше Үкімет қорғаныс заттарын, бетперде және басқа да қажетті заттарды алуға тапсырма берді. Қаулыға қол қойылды. Үкімет қорынан қосымша 1,5 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, бұрынғы қор бар. Жалпы, жұртшылыққа медициналық көмек қажет болған жағдайда бізде барлық мүмкіндіктер – заттар да қаражат та бар», – деді Сапарбаев. 

Алматыдағы дәріханалардың көбінде қорғаныс маскасы таусылып қалған.

Желіде осы қызу талқыланып жатыр. Премьер-министрдің орынбасары аталған мәселеге тоқталып, байбалам салмауға шақырды.

«Олай емес, бізде адамдар байбаламға салынып, көптеп сатып алып жатыр. Мұны істеудің қажеті жоқ. Бізде медициналық бетперделер жеткілікті. Егер бір дәріханаларда болмай жатса, бізге айтыңыздар, сонда жеткіземіз»", – деді ол. 

Тегтер: