28 Желтоқсан 16:20

Қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру керек

Фото:

Пластика қалдықтарын қайта өңдеу ісіне салғырт қарайтынымыз жасырын емес. Қазақстанда пластика қалдықтарын бөлек жинап жүргендерді аз кездестіреміз. Көбіне барлық қоқысты бір қапқа салып, лақтыра салуды әдетке айналдырғанбыз. 

Тасталған қоқыстың барлығын реттеп, сұрыптап отыру экономика үшін тиімсіз. Себебі, ол кезде көп күш жұмсалатыны мәлім. Тиісінше, қоқысты сұрыптауға адам күші де көп керек. Пластикалық қалдықтар көп жағдайда жалпы қалдықтармен кетіп қалады. Бізде сұрыптау мәдениеті қалыптаспаған. Пластикалық қалдықтарды қоқысқа тастау барысында оның табиғатқа зиян екенін ешкім ескермейді. Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін азаматтарымыздың экомәдениетін дамытуымыз керек. 

«JASYL ARYSTAN» мамандарының пікірінше, бүгінде қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар пластикалық қалдықтармен ластану мәселелеріне назар аударып отырған жоқ. Дегенмен, бұл әлемдегі басты экологиялық проблемалардың бірі. Әлемдік проблемадан Қазақстанның тыс қалуы мүмкін емес. Сол себепті, экологтар бұл мәселені заң аясында реттейтін арнайы қаулы қабылдау керек деп ойлайды. 

«JASYL ARYSTAN» экологтары қаулы аясында, жүйелі экологиялық білім беруді дамыту, пластиктің зияны және оның адам денсаулығына әсері туралы халықты кеңінен ақпараттандырып, еріктілерді жұмылдыру сынды жұмыстар атқару керек екенін де алға тартады. 

Ең бастысы мәселе - қоқысты өртеу мәселесін шешу керек. Өйткені әлем елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, өртеудің экологиялық әдіске жатпайтынын мойындау керек. Зиянды заттармен шығатын түтін адам денсаулығына кері әсер етеді.

Тегтер: