28 Желтоқсан 12:23

Қазақстан таңдауы: Ядролық қарудан – бейбіт атомға

Фото:

1991 жылғы 29 тамыз Қазақстан тарихында халықтың ерік-жігерін қолдайтын айтулы күндердің бірі ретінде мәңгі қалады. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.

Ядролық полигонды жабу туралы бұрын-соңды болмаған шешім әлемдік қауымдастықтың кең қолдауын тудырды және Қазақстан бұл әрекетті бүкіл әлемге жас елдің бейбітшілікті сүйетін саясатты ұстанатынын көрсетті. Семей полигонының аумағында 1949-1989 жылдар аралығында 456-дан астам ядролық қару сынағы өткізілді.

Сынақтардың әсерінен көптеген аймақ тұрғындары зардап шекті, кейбіреулері әлі де өздерінің денсаулығына әсер еткен ядролық сынақтардың зардаптарын сезінуде.

1996 жылы Қазақстан Ядролық қаруға жаппай тыйым салу туралы келісімге қол қойды, 2002 жылы оны ратификациялады. Қазақстанның бастамасымен 2009 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас ассамблеясының 64 сессиясында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні белгіленді. Ол жыл сайын 29 тамызда ядролық тәжірибелердің зардаптары туралы ақпарат тарату мақсатында аталып өтеді.

Ядролық клуб және Қазақстан

Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге сәйкес, арнайы клуб құрылған. Оған Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Қытай кірді. Алайда, бұл келісімге қол қоймаған Үндістан, Пәкістан, Израиль да, тіпті алғашқы кезде осы қатарға кіріп, кейін қайта шыққан Солтүстік Кореяны да осы клубтан табасыз.

Сондай-ақ 1992 жылы 23 мамырда Қазақстан START-1 шартына Лиссабон хаттамасына қол қойды, оған сәйкес Қазақстан тезірек ядролық қарудан құтылып, мемлекет ретінде ядролық қаруы жоқ Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылады.

«Қазақстан әлемдік қауымдастыққа ядролық қарудан бас тарту жөніндегі идеяны айтудан жалықпайды», – дейді СІМ халықаралық қауіпсіздік департаментінің директоры Қайрат Саржанов. 2021 жылдың 22 қаңтарында 2017 жылы БҰҰ-ның штаб пәтерінде 122 мемлекеттің қолдауымен қабылданған Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісім күшіне енген еді. Бұл келісім ядролық қаруға халықаралық-құқықтық тыйымды қарастырады.

Осы тұрғыда Қазақстан бейбіт атом саясатын қолдайтын мемлекет ретінде 1994 жылы құрамында 173 мемлекет бар МАГАТЭ құрамына кірді. Қазақстан, Ресей, МАГАТЭ әріптестігі үлкен мәнге ие. Мұның нәтижесінде төрт жыл бұрын еліміз бейбіт атомды дамыту саласында маңызды шаралар өткізді.

Соның бірі ҚР Энергетика министрлігі халықаралық МАГАТЭ сарапшыларының ұсынысы мен нұсқауы бойынша еліміздің ядролық инфрақұрылымы жөнінде кешенді шолу жасаған болатын. Онда АЭС құрылысын қаржыландыру және қауіпсіздік мәселесі, заңдық-құқықтық базаның дамуы, электр желісінің дайындығы, білікті мамандар дайындау түйткілі қамтылған.

Бейбіт атом – медицина мен азық-түлікте

2023 жылдан бастап елімізде азық-түлік өнімдері ионды сәуленің көмегімен өңдеуден өтеді. Бұл өнімнің сақтау мерзімін ұзартып, қауіпсіз етеді. Қазірдің өзінде республикада медициналық құралдарды және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін стерилдеу үшін радиациялық технология қолданылады.

ДССҰ-ның мәліметінше, адам баласы күн сайын табиғи радиация көздерінің кері әсеріне тап болады. Мысалы, су, өсімдік, топырақты алайық. Топырақтан бөлінетін газ табиғи сәуленің негізгі көзі. Одан бөлек біз радиацияның дозасын космостық сәуледен, яғни әуеге ұшқанда аламыз.  Ал медицинаға келсек, рентген аппаратынан сәуле көп бөлінеді. Заманауи ядролық технологияның дамуы ауыл шаруашылығы мен медицина саласында ионды сәулелендіруді қолдануға мүмкіндік береді. Әлгінде айтқандай, бұл азық-түліктің ұзақ уақытқа сақталуын қамтамасыз етіп, хирургиялық құралдарды залалсыздандырады. Сондай-ақ, кеденде, әуежайда жүктерді тексеру барысында пайдасы жетерлік.  

БҰҰ азық-түлік дәне ауыл шаруашылық ұйымының мәліметінше, әлемде жеке сауда өндірісінің 14 пайызы азық-түлік өнімдері. Ең жоғары көрсеткіш Орта Азия десек, ондағы Қазақстанның үлесі 20,7 пайыз. Соңғы кезде елімізде болған қуаңшылық, климаттың өзгеруі өнімділік деңгейін төмендетті.

Қазақстан әлемге астық экспорттайтын ірі мемлекет. Бұл тұрғыда бидайдың сапасын түсірмеуді қадағалау негізгі міндет. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығы өте жоғары. Ресми мәліметке сенсек, Қазақстан жыл сайын 7 млн тоннаға дейін бидай экспорттаса, 2030 жылы астық көлемі 40 пайызға дейін азаяды деген болжам бар.

«Ядролық технологиялар паркі» АҚ басқарма төрағасы Александр Борисенконың айтуынша, қазіргі таңда азық-түлікті ион сәулесі арқылы өңдеуден өткізу рұқсатын 69 мемлекет алған. Оның 40 шақтысы мұны күнделікті қолданысқа енгізген. Дәл осы мүмкіндік 2023 жылы Қазақстанда да пайда болмақ. Ол үшін ДДСҰ стандартына сәйкес, Курчатов қаласындағы ядролық технологиялар паркінде арнайы сәулелендіруден өткен өнімнің сапасын бақылайтын аккредитті зертхана ашылады. Кәсіпорын 121,6 мың еуро тұратын бұл зертхананы ашуды МАГАТЭ-мен әріптестік аясында қол жеткізді.

Бүгінде медициналық өнімнің бәрі стерилден өтеді. Әлемде бір реттік қолданылатын медициналық құралдың 40 пайызы ион сәулесінің көмегімен стерилденеді. ДДСҰ-ның бағалауынша, 2020 жылы медициналық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша нарық көлемі 12 млрд долларды құрады. Ал Қазақстанда 2013 жылдан бүгінге дейін 133 млн бір рет қолданатын медициналық және ветеринарлық өнімдер стерилдеуден өткен.

Оның үстіне ядролық технология онкология дертіне шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланылады. Ісікті, метастазды, қалқанша без ауруын радиофармпрепараты арқылы емдейді. Энергетика министрлігінің дерегінше, 2021 жылы «Ядролық физика инстиуты» республикалық мемлекеттік бірлестігі қалқанша без ісігін емдейтін Натрия йодид радиофармпрепаратынның алғашқы партиясын шығарды. Бұл дәрі қоршаған тінді сақтай отырып, рак клеткасын ыдыратады. Қазір Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология оратығындағы науқастарды емдеу хаттамасына енгізілген. 

Тегтер: