Қазақстан мен Литва арасында тікелей әуе рейсі ашылады

13 қазан, 11:58
Қазақстан мен Литва арасында тікелей әуе рейсі ашылады
Фото: Ғаламтордан

Қазақстанның екі қаласынан Литваға тікелей әуе рейстері ашылады, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Алматы, NEGE. Нұр-Сұлтан қаласында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің және Литваның азаматтық авиация басшылығының кездесуі өтті. Онда «Нұр-Сұлтан – Вильнюс» және «Алматы – Вильнюс» тұрақты әуе бағыттарын ашу, оған Венгрияның «Wizz Air» әуе компаниясын оператор етіп тағайындау мәселесі қаралды. Рейстерді 2022 жылдың 1 тоқсанында ашу жоспарланып отыр.

Министрліктен мәлім еткендей, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева және Литваның Көлік және коммуникация министрлігі Жол және авиациялық көлік саясаты тобының жетекшісі Владислав Кондратович әуе тасымалдары саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, тұрақты рейстерді ашу ниеті көрсетілген хаттамамен алмасты.

«Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім екі елдің Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялары ұшуға рұқсат бергеннен кейін қабылданады», - делінген баспасөз хабарламасында.