13 Маусым 23:56

«Қазақ тілі үшін далада қонуға дайынмын»

Фото:

Кереку өңірінде мемлекеттік тілдің нағыз жанашыры тұрады. Бұған дейін белгілі қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегі түбіртегін тек орыс тілінде жіберетін "Павлодар-лифт" мекемесінің үстінен шағымданса, тағы бірде мемлекеттік тілде хабарландыру жасамағаны үшін трамвайдың жолын жаппақ болды.

Бүгін кешке Nege.kz тілшісіне Руза Бейсенбайтегі хабарласты. Ол жұмыс бабы бойынша Павлодардан Қарағандыға іссапармен шығатын болып, індетке байланысты қандай құжат керегін білу үшін жергілікті Денсаулық сақтау басқармасына телефон соғады. Үш-төрт күн бұрын әрекет еткен оған бұл мекемедегі мамандар дұрыс жауап бермеген.

"Не құжат алуым керек?" деп сұрасам, орыс тілінде шүлдірлеп тұр. Мен сізден қазақ тілінде сұрап тұрмын, мемлекеттік тілде жауап беріңіз" десем, білсе де сөйлемеді. Қазақ тілі десе, жанымды беруге даяр адам ретінде "Әлі күнге Ресейдің тілінде сөйлейсіңдер ме?" деп айтып салдым. Телефон тұқтасын қоя салды. Қайта-қайта хабарластым, алмайды. Сосын бір жапырақ рұқсат қағазымен көлік жалдап, Қарағандыға шығып кеттім. Тіпті, маған арнайы сайтқа кіріп, тіркелуім керектігін де айтпады. Онысы орыс тілінде ғана екен. Ресми тілде болса, кірмеймін де. Сонымен тәуекел деп Қарағандыға келсем, мені екі себеппен жібермей тұр", - дейді Р.Бейсенбайтегі. 

"Біріншісі, "коронавирус инфекциясымен ауырмайды" деген анықтама жоқ. Оны Денсаулық сақтау басқармасы беруі керек. Екіншісі, республикалық базада жоқпын. Өйткені, тек орысша болған соң, тіркелмедім. Енді Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасына хабарлассақ, "кері қайтыңыз" дейді. Мен "қайтпаймын" дедім. Сонау жерден көлік жалдап, жұмыс бабымен келдім. Жобалаушы инженер ретінде Қарағандыдағы кен басқармасымен келісімшартқа отырып, жобалау жұмысын істедім. Ертең сағат 11-де Қарағанды облысы, Нұра ауданының әкімшілігінде қоғамдық тыңдау болу керек еді. Қаладан шықпас бұрын осының бәрін мамандарға хабарласып сұрадым. Біреуі маған қазақ тілінде жауап берген жоқ.

Енді мәселе шешілгенше, осында боламын. Дәл қазір далада отырмын. Жатын орын таппасам, айдалада қонамын, басқа амалым жоқ. Менің талабым: әлгі базаға тіркелетін сайтты дереу қазақшаласын, сосын Денсаулық сақтау басқармасы анықтама жіберсін. Осында отырғаныма мен кінәлі емеспін. Керек болса, қазақ тілі үшін далада қонамын" дейді тіл жанашыры.

Тегтер: