12 Маусым 16:44

Кадрлық резерв мүшесі мүгедектерге қалай көмектескенін айтып берді

Фото:

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Әділет Зәкиев Әлеуметтік қызметтер порталын құру бойынша қалай жұмыс істегенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан, NEGE. «Менің бірінші жоғары білімім – бағдарламалаушы, екінші білімім – басқаруды ұйымдастыру менеджменті. Стартаптарды іске қосу бойынша тәжірибем бар, квазимемлекеттік секторда, жеке салада жұмыс істедім, бизнеспен айналыстым. Резервке алынған соң, мемлекеттік қызметте өзімді сынап көруге және жалпы мемлекеттік механизмнің қалай жұмыс істейтінін көруге тамаша мүмкіндік туды. Бізге түрлі мемлекеттік органдардан жұмыс жөнінде ұсыныстар келіп түскенде, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі лауазымына мән бердім. Мұның екі себебі болды. Біріншіден, әлеуметтік сала – кез келген мемлекеттің жұмысындағы аса маңызды және күрделі бағыттардың бірі. Екіншіден, өзімнің мүгедектігім бар және адамдардың өз құқықтарын іске асыруда кез болатын ұмтылыстары мен проблемаларын ішінара түсінемін», - деді Ә. Зәкиев Президенттік жастар кадрлық резервінің форумында.

Спикер кеңесші ретінде өз жұмысын өткен жылдың наурыз айында бастағанын айтты. Осылайша, ол әлеуметтік қызметтер порталын іске асыру бөлігінде қандай жұмыс жүргізілгенін жеткізді.

«Бұл өте күрделі кезең болды, Үкімет үлкен жұмыс атқарды, негізгі жұмыс та ұмыт қалған жоқ. Маған цифрландыру және мүгедектік бағыты бекітілді. Сол кезде ірі жоба – мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды және қазір де жұмыс істеп тұр», - деп атап өтті Ә. Зәкиев.

Сонымен қатар, министр кеңесшісі әлеуметтік қызметтер порталының артықшылығы неде екенін түсіндірді.

«Бұрын адамдарға протездер, балдақтар, арбалар Мемлекеттік сатып алу арқылы берілетін. Біз бәрін электронды форматқа ауыстырдық, енді адамдар мемлекеттік сатып алусыз-ақ жеткізушіні өздері таңдай алады. Ал мемлекет осы тауарлардың құнын өтейді. Осылайша, біз адамдарға икемділік пен таңдау ұсынамыз, тауарлардың сапасын арттырамыз, бұл ретте мемлекеттік сатып алуды алып тастау есебінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де барынша азайтамыз», - дейді Ә. Зәкиев.

Оның айтуынша, порталда 350 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Қазіргі уақытта 100 мыңнан астам тапсырыс орналастырылған.

«Кеңесші қызметінің негізгі бағыттарының бірі – барлық стейхолдерлермен қарым-қатынас жасау. Менің жағдайымда бұл – мүгедектігі бар адамдар, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар. Жұмысты оңтайландыру үшін бірқатар сұхбат алаңдарын құрдым, әлеуметтік қызметтер порталының жұмысын көрсететін YouTube арнасын құрдым. Осы арналар арқылы адамдардан кері байланыс алып, проблемалық ұсыныстарды жинау қажет», - дейді Әділет Зәкиев.

Тегтер: