KADEX қару-жарақ және технология көрмесі 2021 жылдың маусымына шегерілді

13 наурыз, 12:00
KADEX қару-жарақ және технология көрмесі 2021 жылдың маусымына шегерілді
Фото: vlast.kz

 KADEX қару-жарақ және технология көрмесі 2021 жылдың маусымына шегерілді, деп хабарлады ҚазТАГ ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы. NEGE. Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі COVID-19 коронавирусы таралуының өсуіне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің қабылдаған шешіміне байланысты «KADEX-2020» VI Халықаралық қару-жарақ және технология көрмесінің өткізілу уақыты 2021 жылғы 10-13 маусымға шегерілгендігі туралы хабарлайды.

Қалыптасқан жағдайды түсінгені үшін алғысымызды білдіреміз және көрмеге қатысушылар мен делегаттар алдында қабылданған міндеттемелерді орындау бойынша барлық қажетті шараларды орындауға дайын екендігіміз туралы хабарлаймыз», - делінген хабарда.

Көрме Нұр-Сұлтанда 2020 жылдың 28-30 мамыры аралығында өтуі тиіс болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 119 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 4,2 мыңнан астам.

2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты. Ал «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастық халықаралық орталығы наурыз айының ортасына дейін жабылды.

11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус коронавирусты пандемия сияқты сипаттауға болады деп мәлімдеді.

13 наурыздан бастап бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынды (мерекелік, спорттық, көрермендері бар бұқаралық мәдени шаралар, конференция, семинарлар, көрмелер және т.б.), сонымен қатар сауда-ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылды, мектеп оқушылары көктемгі демалысқа 16 наурыздан 5 сәуір аралығында шығатын болды, сонымен қатар 16 наурыздан бастап студенттер онлайн-режимде оқытылатын болады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің коронавирус салдарынан арнайы алдын алу шараларын жүзеге асыруға кіріскенін мәлімдеді. Ол шектеулер кезінде азаматтарды азық-түлікпен үздіксіз қамтуды тапсырды. Ал Үкімет Қазақстанның өзін әлеуметтік маңызды азық-түлікпен жарты жылға жететіндей етіп қамтамасыз ете алатынын жеткізді.

Бұған қарамастан, қазақстандықтар супермаркеттерден керектерін жаппай сатып алып жатқан көрінеді. 12 наурыз күні кешкісін сауда және интеграция министрлігі қазақстандықтарды дүрлікпеуге шақырды.