3 Маусым 14:17

«Ислам Әбішевтің екі өкпесі бірдей қабынған»

Фото:

Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысы Ислам Әбішев «60 миллион теңге пара алды» деген күдікке ілігіп, 5 жылға сотталған еді. Ол сотта өзіне тағылған айыпты мойындамай, қылмыстық іс тапсырыспен ұйымдастырылғанын мәлімдеген.

Алайда, оның адвокаты «тергеушілер Ислам Әбішевтің қылмысын дәлелдейтін ешбір айғақ таппағанын» айтты.«Шын мәнінде ол пара алу сәтінде ұсталған жоқ, өйткені пара алған жоқ. Оны «пара алғысы келді» деп айыптады» деген. Сот И.Әбішевке 5 жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындаған.

63 жастағы экс-шенеунік 2019 жылдың 14 наурызынан бері қамауда болды. Осы уақыт ішінде залалды толық өтеп, бірінші дәрежелі мінез-құлыққа сай деп танылған. Бұл дегеніңіз, «түрмеде тәртіпті» болды деген сөз. Екі күн бұрын колонияда жазасын өтеп жатқан Ислам Әбішевтің ауыр халде ауруханаға жеткізілгені анықталды.

Ал кешегі күнге дейін көпшілік Ислам Әбішевтің бостандыққа шығуын талап етіп, Нұр-Сұлтан қалалық сотына өтініш-хат жолдапты. Осының негізінде адвокаты Мәкіш Есқараев судьядан Әбішевтің шартты түрде мерзімінен босатуын сұрап, апелляциялық шағым түсірген. Апелляциялық шағымды қарау мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріліп келген.

Бүгін авдокат Абзал Құспан Нұр-Сұлтан қалалық сотының аппеляциялық алқасы Ислам Әбішевті мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандырғанын айтып, сүйінші сұрады. 

– «Пара алуға оқталды» деген абсурд айып қой. Бұл «Пара алғысы келді» деген мағынаны береді. «Адам өлтіруге оқталды» деген айып тағылса, түсінемін. Ал пара алса, не болады? Онда пара алып жатқанда ұстау керек қой. Ислам Әбішевке пара алғыза алмаған соң, зейнетке шығар алдында «пара алғысы келді» деп, 3 ай бойы қудалап, аяқтан шалып жіберді. Біз оның кінәсі жоқ екеніне 100 пайыз сенімді болған соң, ақпараттық тұрғыдан белсенді жұмыс істедік. Қоғам алдында ақтап алдық.

Жарайды, кінәлі деп танылсын. Бірақ сот оған ең аз дегенде 10 жыл қатаң режим берудің орнына түрлі жеңілдікпен орташа калонияда 5 жыл жаза өтеуді тағайындады. Екеуі – жер мен көктей.

Одан кейін үш мәрте мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берілді, үшеуінен де бас тартты. Өйткені, президент Қ.Тоқаев 2020 жылдың күзінде «Сыбайлас жемқорлық сипатымен сотталған азаматтар мерзімінен бұрын босатылмасын» деген мәлімдеме жасады.

Сосын Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізілді. Бірақ Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістің кері күші болмайды. Ал Әбішевке қатысты үкім 2020 жылдың наурыз айында шықты. Тоқаев мәлімдемені күзде жасады. Бұл өзгерістің бұрын тағайындалған сот үкіміне күші жүрмейді. Бірақ бұл тәжірибе барлық соттардың тарапынан орын алып, азаматтар шартты түрде мерзімінен бұрын шыға алмады. Адам белгілі бір мерзімін өтегеннен кейін ішкі тәртібі жақсы болса, қоғамға қауіп төндірмесе, босатылуы керек.

Біздің соттардың саясиланып кеткені соншалық, мұны барлығына бірдей қолданбай тастады. Сол себептен мыңдаған адам мерзімінен бұрын шыға алмай отыр. Біз төртінші жолы бар күшімізді салып, ақпараттық тұрғыда шулаттық.

Ол кісіні босатуға екі фактор әсер етті. Бірінші – ақпараттық қолдау, екіншісі – денсаулығы. Шын  мәнінде, денсаулығы нашарлап, алты ай бойы медициналық көмек көрсетілген жоқ. Құлаған соң ғана ауруханаға жеткізілді. Қазір Пульманология орталығында «екі жақты пневмония» диагнозымен ем алуда. Ол кісі тап осы сәттен бостандыққа шығуға құқылы. Бірақ ауруханадан емдеу курсын алып бір-ақ шығатынын айтты. 

Тегтер: